Сондай-ақ, өңірде өткен жылдан бастап «Komek Stop Bullying» жобасы іске асырылуда. Ақпараттық жүйенің QR кодтары 447 мектеп пен 20 мемлекеттік колледжге орнатылған. Жыл басынан бері «Komek Stop Bullying Jambyl» телеграм каналына 428 хабарлама түсіп, оның ішінде 115 құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
Бұл деректер Таразда өткен балалар құқығын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негізделген ІІ өңірлік форумда айтылды.
Жамбыл облысының әкімі Е. Қарашөкеев соңғы жылдары жасөспірімдер арасындағы қылмыстың азаймай отырғанына алаңдаушылық білдірді. Ол күрмеуі қиын түйткілдің түбіне үңіліп, жауаптылардың әлі де өз міндетіне салғырт қарайтынын, ал бала тәрбиесіндегі білікті мамандар мен ювеналды инспекторлардың жетіспеуі мәселені күрделендіріп отырғанын айтты.
Бұған дейін өңірде оқушылар арасындағы қауіп-қатерді анықтап, құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлаған білім беру ұйымдарының рейтингтік көрсеткішін оң бағалау тәжірибесі енгізілген болатын. Алайда, талдау қорытындысы мектеп әкімшіліктерінің оқыс оқиғаларды жасыратынын көрсетіп отыр.
Басқосуда облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, облыс прокурорының орынбасары Бахтияр Мұхамеджан сөз сөйледі.
Форум аясында облыс прокурорының орынбасары мен Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Фото: Жамбыл облыс әкімдігі