Кездесу мақсаты — өздерінің өмірлік және кәсіби тәжірибелерімен бөлісу арқылы жастарды ынталандыру, шығармашылыққа шабыт беру және болашаққа деген сенімдерін нығайту.
Жазира Еркін шығармашылық жолындағы алғашқы қадамдары, актерлік өнердегі қиындықтар мен жеңістер, блогерліктің қазіргі қоғамдағы рөлі туралы баяндап, жастарға әрдайым ізденісте болуды ұсынды. Ол өз тәжірибесінде кездескен қиындықтарды жеңудің маңызын атап өтіп, әр жетістікке табандылық пен еңбек арқылы жетуге болатынын айтты.
Исраил Даулет журналистика және медиа саласында жұмыс істеу тәжірибесімен бөлісіп, әртүрлі жобалардағы белсенділігі, актерлік шеберлікті дамытудағы қадамдары туралы сөз қозғады. Ол жастарды өз мақсаттарын айқындап, сеніммен әрекет етуге шақырып, медиа мен өнер саласындағы мүмкіндіктердің кеңдігін атап өтті.
Бауыржан Ерман шығармашылық шабыт пен ақындық өнердің қоғамдағы рөлі туралы әңгімеледі. Ол өлең жазудың ішкі түйсікті дамытуға әсері туралы айтып, өзінің ақындық жолындағы жетістіктері мен кездескен қиындықтары жөнінде ой бөлісті. Сонымен қатар, жастарға қазақ әдебиетіне қызығушылық танытып, ұлттық мәдениетті бағалауға және дамытуға шақырды.
Жиында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің “БАҚ пен қоғаммен байланыс” бөлімінің басшысы Қайрат Ақтөре Мейіржанұлы модераторлық етті.
“BASTAU TALKS” қоғамдық лекциясы – жастар үшін ерекше мүмкіндік. Бұл жоба әр түрлі салада жетістікке жеткен кәсіби мамандарды, талантты жастарды және белсенді қоғам қайраткерлерін жинап, жастардың білім мен тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау. Олардың өмірлік тәжірибесі мен жетістікке жету жолын жастарға үлгі ете отырып, мотивация беріп, дамыту, тың ақпарат алуға бағытталған.
Сондай-ақ, Қ. Жандарбеков атындағы аудандық Мәдениет үйінде Сайрам аудандық «Жастар Ресурстық Орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «BASTAU TALKS» атты қоғамдық лекция өтті. «Жастар – болашақтың жарқын бейнесі» атауымен өткен іс-шара аудан тұрғындары мен жастардың басын қосып, қоғамдағы маңызды тақырыптарды талқылауға арналды.
Мәні ерекше іс-шараға Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыру-бақылау басқармасының бас маманы Ермахан Мырзабай Болатұлы арнайы шақырылды. Сонымен қатар, айтыскер ақын, Қажымұхан Абзалов, «YouTube» желісінде танымал болған «Азартник» киносериялының актерлары Нұрсұлтан Мейірбек және Ғани Беркінбаев және аудан әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов қатысты.
Құрметті қонақтардың қатысуы жиынға ерекше мән беріп, жастар арасында қызығушылық тудырды. Еркін форматта өткен кездесуге қатысушылар пікір алмасып, сұрақтарына жауап алды.
Жиынға келгендер жастарға өз ақыл-кеңестерін айтып, оларды ынталандырды. Спикерлердің әрқайсысы қоғамдағы өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастарды дұрыс жолда жүруге шақырды.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар алдағы уақытта осындай жиындарды жиі ұйымдастырып, жастарға қолдау көрсетуге ниетті екендігін жеткізді.
Жастарға қолдау көрсетудің мұндай форматы олардың даму жолында маңызды рөл атқарады деген сенім бар.
Ал, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Ұлықбек Алиакбарұлы және Сайрам аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Молдияр Бахтиярұлының қатысуымен Сайрам ауданы “А.Исмаилов” атындағы кәсіптік колледжінде білім алатын жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараның мақсаты – аудан жастары арасында жат ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру және ақпараттық түсіндірме жұмыстары арқылы келешек буынның діни ағымдар мен секталардың жетегінде кетуден сақтандыру болып табылады.
Кездесу барысында тақырыпқа байланысты бітқатар сұрақтар төңірегінде ой-пікірлер ортаға салынып, тиісті жауаптар берілді.
Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитовтің бастамасымен ауданның 98 мектебінде ата-аналармен құқықтық кездесулер өткізу үшін 8 жұмысшы топ құрылған. Және бұл бойынша арнайы кесте де бекітілген. Жалпы 40 адамнан тұратын бұл топ жастарды жат әдеттерден, құқықбұзушылықтан сақтандыру, оқушылар арасындағы қылмыс пен ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында құрылған. Сонымен қатар, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру арқылы оқушылардың оқу үлгерімін назарға алу, алтын уақыттарын пайдалы дүниелерге жұмсауға ықпал жасау да — маңызды міндеттердің бірі.
Бүгін аудан аумағындағы Ақсукент ауыл округінде №61 С.Базарбаев және №82 Б.Наметов атындағы негізгі орта мектептерінде, Көлкент ауыл округіндегі №59 Қ.Жандарбеков атындағы шағын жинақтық орта мектебінде, №71 Қарасай батыр атындағы жалпы білім беретін мектебінде аталған тақырып аясында кездесулер ұйымдастырылды.
Бұдан әрі, жасөспірімдерге құқықтық тәрбие беруге бағытталған кездесулер Ақбұлақ және Қарамұрт ауыл округтерінде №37 жалпы білім беретін мектебінде, «Нұрлы Жол» жеке меншік, Манкент және Жібек жолы ауыл округтеріндегі «Айнабұлақ» негізгі орта мектептерінде, Айша-Бибі атындағы жалпы білім беретін, Арыс және Құтарыс ауыл округтерінде Төле би атындағы шағын жинақтық орта мектептерінде жалғасын тапты.
Ал, Қарабұлақ ауыл округіндегі №92 «Ақсу», №101 жалпы білім беретін, Қайнарбұлақ ауыл округіндегі №72 Х.Әдебеков, Құрманғазы атындағы шағын жинақтық орта, Қарасу ауылдық округіндегі №69 «Бес-кепе» негізгі орта мектебінде жиналыстар өтті.
Кездесулер барысында ата-аналарға балалардың ұялы телефондары мен әлеуметтік желілерді қолдану, бақылаудың маңызы түсіндіріліп, оларға дұрыс көңіл бөлу керектігі айтылды. Бұл шаралар арқылы ата-аналарға балалардың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне қатысты негізгі мәселелер бойынша кеңестер берілді.
Жұмысшы топтардың құрамына зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, аудандық мәслихат депутаттары, беделді азаматтар мен «Жастар ресурстық орталығы» қызметкерлері жұмылдырылды.
Бүгінде мамандар ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, жастардың түзу жолда тәрбиеленуіне қолдау көрсетіп келеді.
Фото: Сайрам ауданы әкімдігі