– Құрбанәлі Абдуманапұлы, бұл салаға қалай келдіңіз? Қайда білім алдыңыз, қалай үйрендіңіз?
– Менің әкем техникамен, темірмен жұмыс істейтін. Бала кезімде, жасөспірім шағымда әкемнің жанына еріп жүріп, көмекші болатынмын. Сол он екі жастан бастап тұрмыстық техникаларды, су шығаратын моторларды, одан да бөлек түрлі техникаларды жөндеуді, олармен жұмыс істеуді үйрене бастадым. Осылайша еңбек ете жүріп, 2015 жылы әкем токарлық станок сатып алды. Сол станок арқылы маған көптеген жұмыстарды үйретті. Жалпы, әкем бұл жұмысты өзінің жақын досынан үйренген. Оны маған да ерінбей үйретіп, токарь болудың қыр-сырымен толық таныстырып жүрді. Қазір интернет кеңістігі арқылы да кез келген қызыққан жұмысыңды, кәсібіңді үйреніп алуға болады. Әкемнен үйренгеніме қосымша YouTube арналарындағы токарлыққа байланысты таспаларды көріп, тәжірибе арттырып жүрдім. Сол 2015 жылдан бастап күнделікті осы іспен айналысып келемін. Әрине, өзіне тән қиындығы бар. Алайда, өзіме осы іспен айналысқан ұнайды. Менің қазіргі мамандығым, сүйікті ісім – осы. Мамандығым – әкемнен қалған мұра іспетті.
Токарь станокта әртүрлі беттерді, бүйірлік жазықтықтарды өңдеу және кесу, сондай-ақ металл мен басқа да материалдарды дайындама ретінде пайдалана отырып, бұранда кесу, бұрғылау, зенкирлеу, калибрлеу бойынша операцияларды орындайды. Әлбетте, бұл оңай шаруа емес. Жоғары деңгейдегі токарь болу үшін ең кемі екі-үш жылдық тәжірибең болуы керек. Уақыт пен тәжірибенің нәтижесінде мықты маман атанасың. Бұл мамандықтың бірден-бір артықшылығы көптеген технологияларды игеруде. Себебі, кез келген өндірісте, құрылыста металл конструкциялар, станоктар, металл бөлшектер қолданылады. Сәтті жұмыс істеп, сенің қызметіңе жүгінген адамдардың сұранысын қанағаттандыру үшін шебердің дәлдік, ұқыптылық, ұйымшылдық, қара жұмысқа төзімділік сияқты жеке қасиеттері болу керек. Сонымен қатар, кез келген токарь физикалық тұрғыда мықты болуы қажет. Бұл жұмыс барысында керек болады. Зиянды тұстары да бар. Ең зияндысы – денсаулыққа төнетін қатері. Басты қауіп-қатер құралы – станок екенін ұмытпау керек. Станок жабдығы жоғары кернеуден жұмыс істейді, жылдам айналатын ыстық металл элементтері көп. Сондықтан жарақат алу ықтималдығы өте жоғары.
– Бүгінде өңірімізде, тұтас елімізде токарь тапшы. Мамандардың жетіспеушілігінің себебі неде деп ойлайсыз?
– Рас, қазіргі таңда токарь өте аз. Жаңа айтып өткенімдей, токарьдің жұмысы оңай емес. Сондықтан бірі ауыр жұмыстан аулақ болғысы келеді, енді бірі біздің өңірде бұл мамандықты оқытатын оқу орындарының жоқтығын алға тартады, тағы бірі жалақысын қанағат тұтпайды. Қалай десек те, бұл мамандыққа қызығушылық өте аз. Таң алакеуімнен кешке дейін қолымызды қара май қылып жүргенімізді көріп кім қызықсын?! Оның үстіне, қазір «алма піс, аузыма түс» дейтін азаматтар көбейіп барады. Қара жұмыс істегенше, телефон арқылы тиын тапқанды дұрыс көреді. Меніңше, адал еңбек етпейінше, жақсы табысқа жете алмайсың.
– Иә, сіз таңдаған жұмыс оңай емес екені рас. «Әттеген-ай, неге басқа маман иесі болмадым» деп өкінген кездеріңіз болды ма?
– Өтірік айтпай-ақ қояйын, ондай сәт болмады емес, болды. Бірақ, оны бұл салаға келгеніме өкіну деп ойламаймын. Арнаулы кәсіптік колледжді тәмәмдаған кезімде шамамен он тоғыз жаста едім. Сол кезде маған басқа жұмыстан ұсыныс түсіп, «токарьліктен біржола кетемін» деген шешім қабылдадым. Содан 3d дизайнері болуды ұсынғанда, мен интернет арқылы сол жұмыстың қыр-сырымен танысып, үйренуге тырыстым. Бір-екі ай көлемінде интернет арқылы үйреніп, бастапқы біліммен жұмыс істей бастадым. Біраз тапсырыстар қабылдап, оны орындап жүрдім. Соның арасында кейбір тапсырыстарға байланысты электромонтажшы да болып істедім. Алайда, біраз уақыттан кейін ол жұмыс менікі емес екенін түсініп, қайта токарь болдым.
Бұл мамандықты игергеніме еш өкінбеймін, керісінше мақтан тұтамын. Токарьдің жұмысы өте жауапты, күрделі болып келеді. Берілген тапсырмаларды сызбалар арқылы дәлме-дәл етіп жасап шығару, үзіліссіз жұмыс істеп тұрған станоктың шуылы, сегіз сағат бойы аяқта тұру сияқты өзіндік қиындықтары да жетерлік. Бірақ, күнделікті өндіріске қажетті бұйым жасап шығарып, көпшіліктің көңілінен шығып жатқанда бар қиындықты ұмытып, өз кәсібіңнен ләззат аласың.
– Көршілес Өзбекстаннан бізге келіп қара жұмыстан нәсібін тауып жүргендер жетерлік. Қалай ойлайсыз, өзіміздің жастар осындай мамандықтарға неге қызықпайды?
– Негізі токарьлікті оқып үйренген өте жақсы. Білімі де, тәжірибесі де жеткілікті болады. Жоғары білімін растайтын дипломы болса, жұмысқа кіруі де оңай болады. Әрине, шеберлерден үйренгендер де жаман болмайды. Олар жоғары оқу орнын оқып үйренбегеннен кейін үнемі ізденісте жүреді. Жас мамандар үшін теорияны көбірек біліп, үдерістің мәнін білу өте маңызды. Қазір әлем күн сайын өзгеріп, дамуда. Әртүрлі форумдарға, семинарларға қатысып, токарьлік істің жаңалықтары туралы оқып, бір орында тұрмай дамуға, үйренуге тырысса, үлкен жетістіктерге жол ашылады. Бастысы бір орында тоқтап қалмау керек. Жалпы, еңбек нарығында токарь мамандары жоғары сұранысқа ие.
Бүгінде жыл сайын мыңдаған студент оқу орнын бітіріп, қолына диплом алып шығады. Алайда, олар орналасатын жұмыс орны жоқ. Біздегі басты кемшілік – оқу орындары мен жұмыс берушілер арасында байланыстың жоқтығы. Өндіріс орны өзімен-өзі, ал атағы дардай университеттер сапа емес, сан қуып, жыл сайын мыңдаған түлекке диплом ұстатқанына мәз. Олар жұмысқа орналаса ала ма, жоқ па, ондай мамандықтарға сұраныс бар ма, жоқ па, бұған бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мұны ерекше назарға алып, тиісті органдарға осы олқылықты жою жөнінде нақты тапсырмалар берді. Оқу орындарын ықшамдап, білім сапасын көтеру, даярланатын мамандардың нарықта қаншалықты керек екенін айқындау, әсіресе, дипломдарды оңды-солды үлестіріп жатқан және жастарға ешқандай білім бермейтін оқу орындарын қысқарту қажет екенін де айтты. Бұл өте қуантарлық нәрсе.
Дамыған елдерде бала жетінші-сегізінші сыныптан кейін өзі таңдаған мамандығын терең меңгеруге кіріседі. Болашақ жұмысына қажетті сала бойынша пәндерді ғана оқиды. Мысалы, Германияда мектептер үш деңгейлі. Бастауыш сыныптардан кейін бала ата-анасымен бірге қандай мамандық иесі болатынын өзі таңдайды. Мысалы, пойыз және автокөлік жүргізушісі, электрик, аспаз, шаштараз, электрондық жабдықтарды, техниканы жөндейтін маман боламын десе, сол салаға қатысты білім алады. Ал жоғары білім алып, инженер, дәрігер, оқытушы болғысы келсе, соған бейімделген мектепте оқиды. Егер ғылыммен айналысуды қаласа, гимназияға барып, өзі қалаған саланы терең зерттеуге мүмкіндік алады. Сөйтіп мектеп бітірген кезде өз мамандығын біршама біліп шығады. Әрі қарай білімін жетілдіремін десе, оған да жол ашық. Бірақ мектеп қабырғасында балалардың бәріне тест тапсырып, жоғары оқу орнына түсу керек деп жатқан саясат жоқ. Бізге де сондай бағыт керек сияқты. Балалар өзі таңдаған мамандықты мектеп жасынан-ақ меңгеріп өссе, мықты мамандар көбірек болар еді.
– Көршілес елдерде мемлекеттік бағдарлама аясында әр шебердің жүздеген шәкірті болады деп естіп жатамыз. Сіздің осы жұмысқа баулып жүрген шәкірттеріңіз бар ма?
– Иә, қазір Өзбекстан Республикасында көптеген кәсіпорындар, зауыттар ашылуда. Шеберлерден үйренген жастардың көбі сол орындарға кіріп, жұмыспен қамтамасыз етіліп жатыр. Бұл қуантарлық жағдай. Біздің елге келер болсақ, жастардың дені токарь болуға аса қызықпайды. Маған үйретші деп хабарласатын адамдар бар. Көбісі басқа өңірлерден шығады. Қызығушылықтары болғанымен, ара-қашықтыққа байланысты келе алмайды. Ал өзіміздің өңірдегі жастардың көбі ІT мамандыққа қызығады.
Әңгімелескен — Аида ӨТЕП
Фото: Satu.kz