Журфакта оқып жүріп-ақ газет-журналдарға мақала жаза бастадым. Әсіресе «Өркен-Горизонт», «Алматы ақшамы», «Ана тілі» редакцияларына жиі баратынбыз. Тәжірибелі журналистерден тапсырма алып тұрушы едік. Бәрінен де мені ерекше қызықтыратыны – баяғы мектеп жасымнан сүйіп оқитын «Лениншіл жас» еді. Ондағы спорт бөлімінде әйгілі журналистер Несіп Жүнісбайұлы мен Қыдырбек Рысбекұлы істейтін.
Бірде Қыдырбек аға: «Қайрат» пен «Шинник» футбол ойнайын деп жатыр, сол матчтан репортаж жазып кел», – деп тапсырды. Ойынға барып, көріп, үлкен сары қағаздың екі жағын толтырып, үшінші парақтың да біраз жерін шимайлап, апардым. Ертесіне газетті қарасам, алақандай ақпарат болып шығыпты. Әбден қысқартқан, артық баяндауларды алып тастаған. Газет бетіне шыққан алпыс жолда да менің сөзім сирек. Маған бұл да бір мектеп болды.
Кейін де барып, тапсырма алып жүрдім. Байқасам, футболдан басқа ештеңе қызықтырмайды екен. Волейболға жібереді – жазғым келмейді, спорт комитетінің өкілімен сұхбатқа жұмсайды – ықыласым жоқ, бұқаралық спорт туралы жаз десе де – көңілім тартпайды. Сөйтіп, спорт туралы мақалаларды сиреттім. «Азия дауысы» фестивалінің дәуірлеп тұрған шағы. Соған барып, ондағы келеңсіздіктер туралы жаздым. Редакциядағылар: «Өнер тақырыбы оң жамбасыңа келеді екен ғой, жазып тұр», – деді. Содан осы салаға ойыстым. Рас, «Ана тілі» газетінде жүргенімде (1995-1997) тіл проблемасы туралы көп жаздым, парламенттік тілші боп жүріп, саясат тақырыбына да араластым. «Жас Алашта» істеген жылдарымда да (1997-2004) редакторлар түрлі өткір тақырыптарға салды. Дегенмен өз басым мәдениет тақырыбына адалдық танытуға тырыстым.
Мәдениет туралы жазуды оңай көретіндер бар. Шын мәнінде, өнердің қай жанрын да түсініп, зерттеп, таратып жазу үшін көп білім керек, тынымсыз ізденіс керек. «Концерт өтті, спектакль қойылды, фильм түсірілді, көрме ұйымдастырылды…» деген ақпарат беру – өнер туралы жазу емес. Өнер туындысының сан қырлы сипатын аша алу, автор көзқарасына, режиссер трактовкасына, актер ойынына, ән құдіретіне, суретші идеясына бойлау, үңілу, зерделеу – тұтас бір шығарма жазып шығардай еңбектенуді қажет етеді. Туындының бәрі жауһар дүние емес, жетістігімен қатар кемшілігі де болады, соның бәрін саралап, санаңмен түйсініп барып жазбасаң, ол мақала оқырманға да өтпейді, тақырып та ашылмайды.
«Жас Алаштағы» «Ырғақ» қосымшасы қазақ эстрадасының әлі қанат қаға алмай жатқан кезінде ашылды. Кафеде де, көшеде де, көлікте де – тек орыс әндері шырқалып жататын. Қазақтың жас тыңдарманын Ресей музыкасының осы басқыншылығынан арашалап, қазақ әніне қарай бұру үшін ұлттық эстрада өкілдерін жиі-жиі жаздық: таныстырдық, сұхбаттастық, насихаттадық… Көтермеледік те, сынадық та. Біз жазғаннан солай болып кетті демейміз, уақыттың өзі соған алып келе жатты, қазақ жастары қазақ эстрадасын тыңдауға көшті. Осы үрдісте «Жас Алаштың» да үлесі аз емес-ті.
Ал қазір барлық салада жеңіл тәсіл алға шықты. БАҚ-та да кіл науқандық іс-шараларға көңіл бөлу белең алды. Өнердің құдіретін, мәдениеттің мәнісін тереңдеп жазу сиреп тұр. «Жұлдыздардың» жеке өмірін тәптіштеп кеткендер көп. Осы тақырыппен күн көретін журналистер, сайттар, телеарналар шықты…
Мемлекеттің БАҚ-қа көзқарасы өзгеруі керек
Өз басым журналистикадағы ұстаздарым жөнінен жолым болды деп білемін. Үнемі жақсы адамдарға жолықтырған Жаратқанның мейіріміне разылығым шексіз. «Ақ желкенде» Фариза Оңғарсынованың, «Ана тілінде» марқұм Марат Қабанбай, Жарылқап Бейсенбайұлы, Байбота Серікбайұлы сынды майталмандардың қамқорлығын көп көрдім. Қанатымды қатайтып, қаламымды ұштап, журналист ретінде қалыптастырған – осы кісілер. Кейін «Жас Алашта» жүргенде Нұртөре Жүсіп, Қали Сәрсенбай, Жүсіпбек Қорғасбек, Әмірхан Меңдеке ағаларымнан үйренгендерім де – бүкіл өміріме азық боларлықтай рухани нәр. Бірге ұзақ қызмет етпесек те, жазған дүниелерін мен үшін талпынар биік белес деп біліп, үнемі үлгі тұтатын Несіп Жүнісбайұлы, Алпысбай Шымырбайұлы, Ұлықбек Есдәулет, Қасым Әзімхан, Сапарбай Парманқұл, Бауыржан Омарұлы секілді қаламгерлерді өзімнің рухани ұстаздарым деп санаймын.
…Қазір менің көзім жететін бір нәрсе – біз отыз жыл бойы тамырын тереңге жіберген өтіріктен арылуымыз керек. «Ең үлкен өтірік, апыр-ай, Ең үлкен мінбеден айтылды» деп марқұм Қадыр ақын айтпақшы, сонау жоғарыдан тасып-төгілген кенеусіз өтірік көпшілікке кім арқылы жетіп жатты? Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы. Билікке тәуелді журналистер, амал жоқ, сылап-сипап жұмсартып болсын сол өтірікті таратуға мәжбүр болды. ХХІ ғасырдың журналистері ХХ ғасырдағы әріптестері көрген шектеулерден бетер қысымға ұшырады. Сөз бостандығы, пікір еркіндігі деген тек әлеуметтік желі мен тәуелсіз БАҚ болмаса, мемлекеттік басылымдар үшін құрғақ қиял болып қана қалды.
Мемлекеттік БАҚ-та ең негізгі үш кемшілік бар десек, соның біреуіне журналистердің өзі (кәсібиліктің кемуі, білімсіздік, ізденістің жоқтығы, т.б.) айыпты болса, қалған екеуіне билік кінәлі. Біріншісі – саяси қысым (мемлекеттік тапсырыс арқылы белгілі бір шеңберге құрсаулап алады да, содан шығармай, шырмап ұстайды; шындықты айтқызбайды, ал шындықты жарияламайтын БАҚ-қа кім назар аударады?), екіншісі – экономикалық қысым (азын-аулақ қана тиын-тебен беріп қойып, өзіне кіріптар етіп, аш ұстайды, сол арқылы айла-шарғы жасайды). Мемлекеттің БАҚ-қа деген осындай ұстанымы өзгермей, жағдайдың өзгеруі қиын.
Фото: Nege.kz