Сырбай ақынның «Мырзашөл» атты өлеңіндегі:
– Ақ мақталы, бау-бақшалы гүл мекен,
Асан Қайғы аралаған жер екен.
Ол кездерде меңіреудей мелшиген
Тас бауырлы, тандыр емшек шөл екен, – деген жолдар өңірдің сол құс қанаты талған қу медиен шағын суреттейді.
Осы жерде 1928 жылы ауыл қонып, аудан құрылды. Сырдария өзенінің сол жағалауындағы аумағы 10 мың шақырымнан асатын Мырзашөл даласы игеріле бастады. Сусыз өңірге тіршілік нәрін тартып, мақта және басқа да ауылшаруашылық өнімдерін көп көлемде өндіру үшін мемлекетаралық «Достық» магистралдық каналы қазылды. 1907 жылдары жобаланып басталған каналдың ұзындығы 113 шақырым. Оның 49 шақырымы Қазақстан жерімен өтеді, қалған бөлігі Тәжікстан және Өзбекстан аумақтарында жатыр.
Қазақстан бойынша ең ірі мақта өндіруші өңір ретінде әйгілі болған ауданға Мақтаарал деген ат берілді. ХХ ғасырдың 60-жылдары «мақтамен бір республика ғана айналыссын» деген желеумен Мырзашөл даласы түгелдей Өзбекстанға өтіп кетіп, әупірімдеп жүріп, 1971 жылы Қазақстанға қайта берілді. Өкінішке қарай, түгелімен емес. Қазақтың біраз жері көрші республиканың Ташкент, Сырдария және Жызақ облыстарының құрамында қалып қойды.
– Желкілдеп шуда бұлттары
Жосылып жатыр жүйектер.
Алтыннан тұрған ақ тауды
Қуана көрген жүректер.
Жырыма жұпар себеді,
Еңбектің елі, гүл елі.
Мақта тау жасап келеді
Мотор боп қыздың жүрегі!
– деп Қосжан Мүсірепов жырлаған осы Мақтааралда мен де туып-өстім.
1989 жылы Ж.Нұрлыбаев атындағы кеңшардың орталығында орта мектепті бітірдім. Оқушы кезімде… шопан болуды армандадым. Өйткені біздің ауданымыз негізінен егіншілікпен айналысатын да, мал жаятындай бос жер болмайтын. Амал жоқ, азын-аулақ малымызды мақтаға түсіп кетпесін деп, құйрығынан ұстағандай құрсаулап жүріп әрең бағатынбыз. Сол кезде «ұшы-қиырсыз кең далада мыңғырған қой бағатын мықты шопан болсам» деп қиялдайтынмын… Кейін өсе келе тіл-әдебиет, тарих пәндерін жақсы меңгердім, газет-журнал оқып, мақала жазуға машықтана бастадым. Әкем бухгалтер еді, мені де әуелі есеп-қисап саласына бейімдеуге тырысты. Математикаға, физикаға ептеп ебім де бар еді. «Тіпті болмаса хирург не стамотолог бол, бір үйге бір дәрігер керек» дейтін әкем. Ал менің екеуіне де ықыласым болған жоқ. 1984 жылы Несіп Жүнісбайұлының «Футболмен тыныстаған Испания» деген кітабы шықты. Әлем чемпионатына «Лениншіл жастың» атынан барып, ойындарды өз көзімен көріп, сол елді толық аралап шығып, футбол тойын ғана емес, испан халқының салт-дәстүрін, болмыс-бітімін суреттеген керемет кітап. Тіпті кітап оқымайды деген балалардың өзі менің қызықтыруыммен сұрап алып, әлгі кітаптың түте-түтесін шығарып, жабыла оқыды.
«Осы кісі секілді журналист болсам, олимпиадаға, әлем чемпионаттарына барып, ойындарды, жарыс өткен елді өз көзіммен көріп, соны әсерлі етіп жазсам» деп армандай бастадым. «Ол үшін не істеу керек?» деп ойланамын. Сұрастырсам, ол үшін Алматыға барып, ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсу, мақала жазу керек екен. Әкем – бухгалтер болса да, кітапты көп жинаған кісі. Біздің үйде көркем әдебиет қазақ, орыс, тіпті өзбек тілінде де тізіліп тұрды. Сол кітапхана арқылы есейдік. Ол да тәрбиенің бір түрі екен-ау. Әкем көп газет-журналға да жазылатын. Мен бәрін оқимын. Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде өзім де жайлап жаза бастадым. Аудандық газеттің де абыройы аспандап тұрған уақыт қой. Мақала, мектепішілік іс-шаралар туралы хабар жазып жіберемін. Ол уақытта «Қазақстан пионері» деп аталатын қазіргі «Ұлан» газетіне де жазып тұратынмын.
Мақтаның түрлерін аудандық газетке кеп білдім
Мектепте жүргенде жазған мақаласымақтарымның алғашқылары мүлде жарық көрген жоқ. Редакциялардан «Жазуға икемің бар, әуелгі қадамдарың жаман емес, алайда мына мақалаң жариялауға жарамайды, алдағы уақытта да жазып тұр» деген мазмұнда хат алғаныма да мәз болатынмын. Қазіргі танымал қаламгер Қасым Әзімханның қолы қойылған осындай титтей қағаз «Лениншіл жастан» алғаш келген кезде мұғалімдерім кішігірім жиналыс жасап, бүкіл оқушылардың алдында мақтаған еді. Қазір есіме алсам күлкім келеді, мақаламның жарық көрмегеніне мақтанған тәрізденемін.
Баспа бетін көрген алғашқы мақалам аудандық «Мақтаарал» газетіне шықты. Әлі есімде, тіл мәселелері туралы еді. Ол кезде қазақ тілін мемлекеттік тіл ету жөнінде әңгіме жоқ еді, өйткені әлі тәуелсіздік алмаған болатынбыз. Дегенмен қоғамда ана тіліміздің қадірін түсірмеу, оған деген құрметті күшейту турасында біршама айтылып-жазылып жүрген-ді. Менің де осы тараптағы алғашқы талпынысым сол мақала-тұғын. Содан бері, міне, 36 жыл өтіпті, тіл мәселесінің осы кезге дейін күн тәртібінен түспейтінін ол уақытта біліппіз бе…
Оқушы кезде жазған тағы бір мақалам ауылымыздағы Мәдениет үйінің бейшара халі туралы еді. Баламын ғой, соны оқығаннан кейін басшылар кемшілікті түзейтін болар, көпшілік маған алғысын айтар деп ойлағам. Қайдағы? «Ауылымызды неге масқаралайсың?» деп бәрі маған дүрсе қоя берді. Жанашырлықпен жазылған сынды да жұрттың бәрінің бірдей дұрыс қабылдай бермейтінін кейін ұқтым.
Онжылдықты ойдағыдай аяқтап, Алматыға келіп, сол уақыттағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түстім. Әуелі екі шығармашылық конкурс болды: жазбаша және ауызша. Осы екеуінен-ақ 30-ға жуық талапкер құлап кетті. Өзі сол жылы журфакқа өте аз адам тапсырған екен, нәтижеде емтихандар басталар алдында қазақ бөліміне қажетті 50 орынға небәрі 70-тен асар-аспас бала қалдық. Мен емтихандардың бәрінен де «4» алып, стипендияға іліктім. Курста 44-ақ студент оқыдық.
Студент кезімде екі рет өндірістік тәжірибені аудандық «Мақтаарал» газетінде өткіздім. Ол кезде біздің ауданнан шыққан белгілі ақын-сазгер, журналист Бекжан Әшірбайдың анасы – Ұлбике Әшірбаева газетте жауапты хатшы еді. Пердеш Есенбеков, Әбдіәлім Тілеубеков, Жолбарыс Тілеуұлы және т.б. жергілікті журналистердің тәлімін алдым. Тапсырмаларын тастай ғып орындауға тырысатынмын. Аудан экономикасының негізгі бағыты – егіншілік болған соң, мақтааралдық журналистер ауыл шаруашылығы туралы жан-жақты білімді болуға тиіс еді, әсіресе мақта дақылының сорттары мен ерекшеліктерін, оны егуге, баптауға, суаруға қатысты кілтипандарды түгел меңгеруі қажет болатын. Жоғарыдағы аты аталған қаламдас аға-әпкелерім маған соның бәрін үйретті.
Сәкен СЫБАНБАЙ,
журналист, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері
(Жалғасы бар)