Жуырда осы «Эко Ордабасы» қозғалысының қатысушылары халық көп шоғырланған көше бойы мен «Самұрық» аллеясына темір металлдан жасалған түрлі-түсті пластик, қағаз және шыны қалдықтарын сұрыптап тастайтын контейнерлер орнатып берді. Жас экологтар мұндағы мақсаты – өңдеуге жататын қалдықтарға екінші өмір беру және көпшілік арасында қоқыс тастау мәдениетін қалыптастыру екенін айтады.
Бүгінгі таңда жастардың жаңашылдығы ауыл тұрғындардың көңілінен шығып отыр. Ауыл азаматтары осы жәшіктерді көрген соң қоқыстарды сұрыптап тастауға қызығушылық білдіріп, қазіргі таңда жәшіктерге органикалық қалдықтарды, шыны ыдыстарды, пластик бөтелкелерді бөлек-бөлек контейнерлерге сала бастады. Қозғалыс жетекшілерінің айтуынша, қоршаған ортаны қорғау әрбір азаматтың міндеті саналады. Сол үшін жастар ауыл тұрғындарын өз аулаларын таза ұстап ретке келтіруге, айналасын абаттандырып қоюды күнделікті дағдыға айналдыруға шақыратынын айтады.
Айта кетелік, бұл жоба Түркістан облысының «Азаматтық альянсы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігі тарапынан үлкен қолдау тапты.
Қоқыс қалдықтарын бұлайша сұрыптау экология үшін өте маңызды. Себебі органикалық заттар жерде шіріп кетеді. Одан қауіп жоқ. Шыны ыдыстар сынса адамға жарақат әкелуі мүмкін. Сонымен бірге шыны ыдыстар сұрыпталып бір жерге жиналса оны қайта өңдеуге болады. Бұл экологияға өте көп пайдасын әкеледі. Себебі қалдық қайта өңделген соң әр жерде шашылып жатпайды немесе полигондарда тау болып үйіліп көзге оғаш көрінбейді. Баяғыда бір ғалым келешекте адам баласы өз қоқысына өзі көміліп қалады деп айтқан екен. Сол айтпақшы, қазір тұтынушылық қоғам күшейген заман. Адамдар көп тұтынады. Есесіне өзінен кейін көп қоқыс қалдырады. Бір адамның қоқысы білінбес, соның өзі күніне бірнеше келі болуы мүмкін. Ал қоғамда өмір сүріп жатқан адамдардың бәрін қосқанда күн сайын тонналап қоқыс жиналады. Олар сұрыпталмаса, өңделмесе, ғалым айтқандай адамдар сол қоқысына өзі көміліп қалады. Жастар осы жағымсыз жағдайдың алдын алу үшін жаңа жоба бастап адамдарды қоқысты сұрыптап тастуға үйреткісі келеді.
Бүгінгі таңда өркениеттің заманауи игіліктері көбінесе адамдар үшін жайлылық тудырып қана қоймай, табиғатқа орны толмас залал келтіретіні аян. Мына бір статистика да көп нәсені аңғартады. Мәселен, жиырмасыншы ғасырмен салыстырғанда тек өткен он жыл шамасында әлемде пластикалық өнімдер көп өндірілген екен. Айталық бір реттік ыдыс, қалталар, қаптамалар, бөтелкелер және түрлі пішіндегі қалыптар – күнделікті «өндіретін» пластикалық қалдықтардың ең көп тараған түрі болып саналады. Біздің елімізде қалыптасқан көлемнің тек отыз пайызға жуығы ғана қайта өңделген және адам өміріндегі күнделікті тұрмыста қайта қолданылатынын ұмытпайық.
Алаңдататын бір жәйт, тұрмыстық қатты қалдықтар полигондары үнемі пластмассаның әр түрімен толып кетіп жатыр. Мұндай қоқыс түрінде пластиктің биодеградациясын жеделдететін көптеген микроорганизм болады екен. Өз кезегінде биоыдырайтын пластиктерге келер болсақ, олар ыдыраған кезде метан бөлініп шығатын көрінеді. Біле білсек ол – атмосфераға диоксиндер мен фурандар бөліп шығаратын өте күшті парниктік газдың бір түрі.
Сонымен бірге «Іntroductіon to Marіne Bіology» кітабында пластик қалдықтар теңіз жануарларына «ең қауіпті қатер» деп баға берілген. Оның зияндылығы неде, мәселен, пластмасса жануарлардың асқазан-ішек жолдарын бекітіп тастайды, теңіз сүтқоректілері пластмассалық торларда шырмалып қалады да, оның соңы өлімге немесе ауыр жаралануға әкеп соқтырады екен. Мұнан өзге пластмасса қоқыстары демалуға арналған орындарды, жағалаулар мен жағалау аймақтарын ластап бүлдіреді. Алып мұхиттарда пластмасса қалдықтары жыл бойы ыдырайды, бірақ толықтай емес және бұл процесс барысында бифенол А және полистирол сияқты улы химикаттар суға жайылады. Осыдан бірнеше жыл бұрынғы бағалау бойынша мұхит бетінде үш жүз мыңға жуық тонна пластик бар деп есептелсе, ал пластикалық қалдықтардың бөлек бөлшектерінің жалпы саны 5 триллион тоннадан асады деп болжанған. Тағы бір статистикаға назар аударсақ, күн сайын пластик өндірістен бастап кәдеге жаратылғанға дейін қоршаған ортаға елеулі зиян келіп жатады. Ал мұндай өнімдерді өндіретін зауыттар жылына атмосфераға 400 миллион тоннаға дейін көмірқышқыл газын бөледі. Осы күнде жануарлардың шамамен 800-дей түріне пластикалық заттарды жеп қою және пластикпен улануы салдарынан жойылып кету қаупі төніп тұрғанын естен шығармау керек. Мұхитты қойып жер бетіне келсек, бір реттік қалталар қалалардағы кәріз жүйесін толтырып тастайды және су басу қаупін күшейтеді екен. Әлемде жыл сайын шығарылатын пластмассадан жасалған өнімдердің көп мөлшері бір рет қолдануға ғана жарайды. Сосын оны тастай саламыз. Бірақ та пластиктің екі жүз жылға жуық уақытта ыдырайтындығы ғылымда аян. Олар жерге түскенде ұсақ бөлшектерге ажырайды да, өзінен қоршаған ортаға химиялық заттарды бөлуге кіріседі. Ең қауіптісі жер асты сулары арқылы пластиктің ұсақ түйіршіктері және оның химиялық заттары ең жақын су көздеріне түседі, бұл жануарлардың жаппай улануына әкеліп соқтыруы ғажап емес.
«Эко-Ордабасы» экологиялық қозғалысы мүшелерінің бастамасы бір бұл емес, олар жуырда ежелгі Қараспан қалашығына тазалық жұмыстарын жүргізген.
Қараспан қалашығының айналасын тазалап, талдарды ағартып, тұрмыстық қалдықтарды тазалау жұмыстарын атқарған «Эко-Ордабасы» волонтерлары табиғатымызды таза ұстау баршамызға ортақ міндет екенін еске салды. Еріктілерге Қараспан ауыл округі әкімдігі осындай әрбір экологиялық акциялары барысында қолдау көрсетіп тұрады. Сондықтан да «Эко-Ордабасы» экологиялық қозғалысының белсенділері жергілікті атқарушы билікке қашанда дән риза. Игі істің жалғасы ретінде бір кездері «Эко-Ордабасы» экологиялық қозғалысы Ордабасы тауында да сенбілік іс-шарасын өткізіп қайтқан болатын. Осылайша аудандық Жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған «Эко-Ордабасы» экологиялық қозғалысы тазалық іс-шарасын аймақтағы ең қасиетті жердің бірі Ордабасы тауынан бастағанды жөн көріпті. Өз кезегінде сенбілік акциясына аудан әкімдігінен жауапты қызметкерлер қатысып, туған өлкесін таза ұстауға ұмтылған жастардың жақсы бастамасына сәттілік тіледі. Көпшілік расында да игі шараның ұлт тарихында маңызы зор Ордабасы тауында өтуі құптарлық дүние болғанын айтуда. Осы орайда әрбір азамат жас экологтар секілді туған өлкесін таза ұстауға ниетті болса, табиғатымыз тазарып, айналамыз ажарлана түсетіні анық. Осы күнде экологиялық қозғалыс мүшелері тазалық іс-шараларына үзбей қатысып, ауданның тарихи, мәдени орындарын тазалауға өз үлестерін қосып жүр.
Сонымен бірге ауданға қарасты барлық ауылдық округтерден келген 100-ге тарта еріктілер мен белсенді жастар Бадам ауылдық округінде орналасқан «Ордабасы» Ұлттық тарихи-мәдени қорығы аумағын тұрмыстық қатты қалдықтардан тазартқан болатын. Бір айта кетерлігі, жастардың «Эко-Ордабасы» қозғалысы тек тазалық шарасымен ғана шектеліп қалмай ауданның тарихи, мәдени, туристік бағыттағы орындарын әлеуметтік желі арқылы ел-жұртқа насихаттаумен де айналысады.