Ал осы қайырымды істердің басы-қасында жүрген жанашыр азаматтардың бірі – волонтерлар. Мемлекет әркез еріктілерді қолдап келеді. Оларға жағдай жасауға тырысып, әлеуметтік мәртебе беруге де көп ықпалын тигізіп жатыр. Соның бір айғағы – өткен жылы еліміздің бас қаласы Астанада халықаралық волонтерлар форумының ұйымдастырылуы. Сол форумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілердің ерліктерін баяндап, олардың қиын да қызықты қызметтеріне сәттілік тіледі. «Қазақстанда 2020 жыл еріктілер жылы болды, біраз шаруа атқарылды. Қазір еліміздегі волонтерлік ұйымдар саны 3 есе өсті, яғни 680 ұйым бар. Еріктілердің саны 200 мыңға жетті. Барлық аймақта фронт-офистер ашылды. Онда мыңдаған волонтер дайындықтан өтті. Qazvolunteer.kz платформасы жасалды. Яғни, бүгінгі таңда Қазақстанда кез келген адам еріктілер тобына мүше болып, пайдалы іске өз үлесін қоса алады. Шын мәнінде, бұл – зор мүмкіндік. Сондай-ақ біздің волонтерлер Иордания, Кения, Таиланд және Түркия елдеріне арнайы барып, тәжірибе жинақтады. Осы тұста мен Қазақстан еріктілеріне қолдау көрсетіп жүрген Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдеріне алғыс айтамын. Еріктілер өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлес қосады. Жанашырлық – қазақтың қанында бар қасиет. Халқымыз қиындыққа тап болған адамдардан көмегін аямаған. Ел басына күн туған қиын-қыстау сәтте «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» білген. Қазақстанға жер аударылған талай этнос өкілдерін бауырына басып, барын бөліскен. Сондықтан бүгінгі жиынның мақсаты халқымыздың болмысымен үндес екені сөзсіз»,– деген болатын Президент.
Қанында жанашырлық қасиет бар жастың бірі — қазығұрттық волонтер Өмірбек Төлеев.
«Мектепте оқып жүргенімде жалғызбасты қарияларға көмектескім кеп тұратын. Сабақтан қайтып бара жатып, жолай солардың үйіне өтіп кетіп, шаруасын бітіріп беріп кететінмін. Ол бір аса көп уақытты да алмайтын. Және соншалықты шаршап шалдықпайтынмын. Тек қарияларға көмектескенім үшін жаным рахаттанып, рухани байып қалғандай сезінетінмін өзімді. Мүмкін ол ата-әжемнен ерте айырылып, соларға деген сағыныштан туған бір аңсау шығар деп ойлаймын. Атам Төле Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер еді. Ол кісі соғыс кезінде Берлинге дейін барған. Соғыста әбден қиындық көрген болу керек шамасы, кейде түнде ұйқысынан шошып оянатын. Сондағысы сол соғыстағы зұлмат оқиғалар түсіне кіріп, содан шошитын болса керек. Мұны маған әкем айтушы еді. Атамыздың түрі онша есімде жоқ. Өйткені ол біз кішкентай кезімізде өмірден озып кетті. Төле атам соғыстан оралған соң Өгем тауында орманшы болып істеді. Оның қалдырып кеткен жақсы бір амалы жүрген жерінде бау-бақша егетін. Өгем тауындағы бір сайда атам еккен жеміс ағаштары әлі бар. Бірақ қазір талдар ескіріп, орман шаруашылығы оларды жаңартып жатыр деп естідім. Атам тек Өгем емес, Өзбекстан жеріндегі Шыршық қаласының маңына да бау-бақша еккен деседі. Өгемдегі атамның жеміс ағаштарын көрдім. Өзбекстандағысын әлі көрмедім. Соған бір күні барып қайтсам деп жүрмін. Сол жақсылық жасау атамнан дарыған бір қасиет пе білмедім. Ең алдымен «ковид» кезінде тексеру бекетінде тұрған кезекшілерге ыстық тамақ апарып беруден осы еріктілік қызметімді бастадым. Сол жерде адамдарға көмектесіп жүргенімде аудандық «Жастар ресурстық орталығының» мамандарымен танысып, кейін орталық қызметкерлерімен қоян-қолтық араласып кеттім. Қазір жастар орталығы бастаған бастамаларға ауданның басқа волонтерларымен бірге көмекке барып тұрамын. Әсіресе жалғызбасты қариялардың, мүгедектігі бар өздігінен жүріп-тұра алмайтын жандардың шаңырағына бас сұғып, бар шаруасын тындырып беріп жүрміз. Арасында басқа да қайырымдылық іс-шараларына қатысып тұрамыз. Оны мен ешқандай ақы алу үшін істемеймін. Қазақта «Құдайдан қайтсын» деген әдемі сөз бар ғой. Сол айтпақшы, менің істеген сауапты ісім Алладан қайтса болды. Құдайға қараған адамның күні қараң болмас. Ең бастысы сенім ғой. Әркімнің маңдайына жазылған ырзық-несібесі бар. Одан артық адамға ешнәрсе бұйырмайды. Волонтер болудағы басты ниетім міне сол. Мақсатым — елдің ықыласына бөлену, адамдардың жақсы тілегін есту, әсіресе, қариялардың батасын алу. Үлкен адамның берген батасы қабыл болады деп жатады ғой», – деді жас ерікті.
Өмірбектің негізгі мамандығы – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ол оқуын бітірген соң Алматы облысындағы көкпар федерациясына қарасты мектепте жұмыс істеген. Ұлттық спорт көкпарға өзі де бала кезінен қызығады. Соған орай талай додаларға түсіп көкпар тартқан. Кейін індет басталғанда туған ауылына оралған. Ауылда тұрған соң әр қазақ мал ұстамай тұрмайтыны белгілі. Сондықтан Өмірбектің үйі де мал бағады. Оның ішінде жылқы мен ірі қара ұстайды. Оған үйінде отырған әкесі қарайды. Сол төрт түлік мал отбасының табысын кіргізіп отыр.
Қарап отырсақ Өмірбектің шаңырағы қарапайым ғана отбасы саналады. Бірақ істеп отырған жұмысы үлкен азаматтық ерлік. Әйтпесе бәрін қойып тек қарақан басын күйттеп, жалақы жоғары айлыққа жұмысқа тұрып, басқа жаққа кетіп қалуға да болар еді. Бірақ оған кішкентайынан жанашырлықтың, қайырымдылықтың не екенін сезініп өскен жас өзінің жан қалауынан аттап, дүниенің қызығын қуып кете алмады. Оған дәті бармады. Сол ерікті болу өзінің жанына жақын іс болғандықтан, рухани соны қалайтындықтан жарымжан жандарға көмектесіп жүр. Және ол үшін ешкімге міндет те қылмайды, біреуден істеген еңбегіне ақы да талап етпейді. Нағыз волонтерға керекті мінез деп осы Өмірбектей жастарға қарап айту керек шығар.
Қоғамда шынымен де жанашыр азаматтар көп болса екен деп тілейміз. Ізгі қоғамда өмір сүру адам баласының ең үлкен бақыты. Бұрын кеңестік заманда «Тимур және оның командасы» деген қозғалыс болатын. Оның мүшелері жалбызбасты қарияларға, сыртқа шыға алмайтын жандарға үйлеріне барып үй шаруаларына көмектесетін. Қыстың күні қарын күреп беру, көктемде, жазда есігінің алдындағы жерін қопсытып, егілген өсімдік гүлдерге күтім жасау, ағаш бұтау, үйдің айналасын тазалау, дүкеннен, дәріханадан керекті азық-түлік пен дәрілік препарттарды әкеліп беру сол тимуршылардың мойнында еді. Ұмытылмайтын дәстүр ең жақсы бастама, демекші тимуршылар қозғалысы тәуелсіз елімізде қайта жанданып, жастардың басын біріктірді. Қайырымды жастардың қозғалысы елімізде волонтерлік бастамалар мемлекеттік деңгейде қолға алынған шақта ерекше өркендеді. Әсіресе ковид кезінде волонтерлардың еңбегі қатты білінді. Ол шақта адамдар қауіпті індеттен қауіптеніп бір-біріне жолаудан қашатын. Тәуекелге бел буып ешкімнен қорықпай қиналған жандарға қол ұшын берген адамдардың бірі осы еріктілер болды. Өздерінің ауырып қалатынын білсе де олар тайсалмай басты міндеті – волонтерлық қызметтерін атқара берді.
Осындай кезеңде мемлекет шын мәнінде еріктілерге арқа сүйеді. Солардың көмегіне жүгінді. Волонтерлар ішінде жастар көп болды. Олар шын мәнінде «жастар – біздің болашағымыз» деген ұран сөздің растығын өздерінің ісімен тағы бір мәрте дәлелдеп шықты.
Фото: GOV.KZ