Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, нашақорлық, маскүнемдік секілді зиянды әдеттерге бой алдырмас бағытында жоспарлы жұмыстар қолға алынған. Президент тапсырмасына сәйкес жастарды кәсіпке баулу, шағын және орта кәсіпкерлік саласына тарту мақсатында қазіргі таңда ауданда бірнеше шаралар атқарылып отыр. Ол – жастарға арналған төмен пайызды қаржылай қолдаулар мен «Ауыл аманаты» бағдарламасы.
Сондай-ақ жастардың денсаулығын жақсарту, саламатты өмір салтына бейімдеу бағытында ауданда жеке кәсіпкерлер есебінен көптеген спорттық нысандар бой көтеріп келеді. Мәселен, жуырда облыста «Ұстаз аты мәңгілік» атты жас мұғалімдердің байқауы өтті. Осы байқауда қазығұрттық жас ұстаз Әмина Мұхтар жүлделі ІІІ орын алды. Бұл сайысқа облыстың барлық аудан-қаласынан жас мұғалімдер қатысты. Аталған байқау Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бастамасымен ұйымдастырылды. Сонымен бірге конкурс ұстаз мамандығының мәртебесін көтеру, балаға алғаш әліппе үйреткен мұғалімнің еңбегін әрқашан бағалау қажеттігін мақсат тұтты.
Байқауды Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Нұралыұлы ашты.
Ұстаз – өскелең ұрпақтың тәрбиешісі, болашақтың бағдаршамы. «Алты алаштың басы қосылса, төр мұғалімдікі» деп танымал ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, ұстаздың орны қоғамда әрқашан да биік тұруы тиіс. Кез келген салада жетістікке жеткен мамандық иесінің баршасы мұғалімнің алдында отырып сабақ алған. Алғаш әріп үйретіп, қолына қалам ұстатқан да мұғалім. Сондықтан ұлағатты ұстаздарды қалай құрметтесек те жарасады. Білімнің арқасында адамзат баласы үлкен жетістіктерге жетті. Соқамен жер жыртып жүрген кешегі қоғамдағы адамдар бүгін қарасақ ғарышты игеріп, жасанды интеллектіні дамытып жатыр. Осының бәрі адам баласына білім арқылы беріліп отыр. Заманның өркениетті көшінен қалып кетпеу үшін біздің жастарға қазіргі таңда көбірек білім алу керек. «Білім – инемен құдық қазғандай» демекші, әрине ілім іздену де оңай емес. Бірақ елдің болашағын ойлаған жастар мемлекеттің келешегі үшін аянбай еңбек етіп, білім алады деген сенім мол. Білім саласына жалындап тұрған жастар керек. Олардың білімдерінің арқасында қазақ елі көп жетістікке жете алады. «Мен жастарға сенемін» деп Мағжан ақын жырлағандай бұл сөз әлі де өзектілігін жойған жоқ. Бүгінгі қазақ елі жастарға сенеді, соларға үміт артады. Жастардан көп нәрсе күтеді.
Бүгінгі таңда елімізде білімді жастар көбейіп келеді. Олар тек Қазақстанда емес, бүкіл дүниежүзінде үлкен маңызды жобаларды жүзеге асырып жүр. Соларға қарап келешекке деген сенім мен үміт шырағы жарқырай түседі. Еліміздің тәуелсіздік тұғырын бекемдеуге, абыройын асқақтатуға бүгінгі жастар көп еңбек сіңіруде. Өйткені қазіргі жастар патриоттық рухта тәрбиеленген, заманның озық ойлы тұлғалары. Олар азат елдің ұландары болғандықтан көзқарастары мен ой-сана пікірлері де сондай азат, еркін. Сондықтан азаттықта емін-еркін өскен жастар шығармашылықта да өздерінің ой-идеяларын еркін жүзеге асыра алады. Яғни қай салада да жетістікке жетем деген жастарға қазір ешкім қой дей алмайды. Керісінше елге, ұлтқа пайдалы жобасы болса мемлекет ондай жастарды мейлінше қолдайды.
Конкурс екі кезең бойынша өтті. Сайыс барысында сынып жетекшілері өзінің туған өлкесін, сыныбы мен атқаратын жұмыстарын таныстырып, оқушыларымен бірге ортада өнер көрсетті.
Бүгінгі күні жастар арасында гуманитарлық салаға ден қойып, мұғалім, ұстаз болып жатқан жастар жетерлік. Олар жоғары оқу орнын бітіріп туған ауылында жұмыс істеуге құштар. Әрине арасында қалада қалып, білімдерін әрі қарай шыңдауға ниет білдірген жас ұстаздар да баршылық. Қазығұрт ауданында ұстаздық жолды таңдаған талай жас бала оқытып, көптің ықыласына бөленіп жүр. Жас мамандарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау да жеткілікті. Сонымен бірге арнайы бағдарламамен еліміздің солтүстік өңірлеріне оқуға түсіп, сол жақта еңбек өтілін атқарып жатқан жас мамандар да көп деп айтуға болады. Жырақта жүріп білім алуға бел буғандар қатарында қазығұрттық жастар да аз емес.
Қазығұрт аудандық білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиевтің айтуынша, аудан ұстаздарының қажырлы қайратының, табанды еңбегінің нәтижесінде 2023-2024 оқу жылы білім саласы үшін үлкен жетістіктер мен жеңістерге толы жыл болды. Мәселен, республикалық деңдейде өткізілген «Педагогикалық идеялар фестивалінің» республикалық кезеңінде Жамбыл жалпы білім беретін мектебінің директоры Нұрдәулет Нахипов ІІ орын, «Қызылдала» жалпы білім беретін мектебінің қазақтілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айболған Байбосынова ІІІ орын алып, М. Өтемісұлы атындағы жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Жанбота Қыдырбай мақтау қағазымен марапатталды.
Фото: Российская газета