Жасыратыны жоқ, мемлекеттік қызметке жаңа буын қажет. Иә, біздің мемлекеттік қызметке идеясы бар, креативті, талантты, мемлекеттік қызметте істеймін деген ниеті бар жастар қажет. Қазақстанның өсіп-өркендеуі солардың білімдеріне, потенциалдарына, ерік-жігерлеріне байланысты.
Өйткені әлемдегі барлық елдердің даму жолында мемлекеттік қызметтің қосар үлес салмағы ерекше. Мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру бағытын одан әрі дамыту үшін Мемлекет басшысы бірқатар бастамалар қабылдады. Яғни, болашағын мемлекеттік қызметпен байланыстырғысы келетін жастарға мүмкіндік мол.
Мемлекеттік қызмет – қоғам өмірінде ерекше рөл атқарады. Мемлекеттік қызмет саласында жұмыс жасау – қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады. Ал мемлекеттік қызметші болу – кәсібилікпен бірге жоғары адамгершілік қасиеттерге ие бола отырып елге қызмет ететін жауапты міндет.
Жақында ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында түркістандық жас мемлекеттік қызметкерлері мен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының арнайы кездесу жиыны өтті. Жиында Түркістан қаласының әкімі өзінің мемлекеттік қызметтегі тәжірибесімен бөлісіп, жас қызметкерлердің сауалдарына жауап берді.
Бүгінгі таңда өңірімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткен меритоктария қағидасына аса үлкен мән беріліп келеді. Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы – 40 жас, еңбек өтілі 11 жылды құрап отыр. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген жастардың үлесі айтарлықтай күн сайын артып келеді.
Сондай-ақ, жиында Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жастарға беретін мүмкіндігі мен «Өңірлік кадрлық саясат» бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, қалалық әкімдіктегі тәжірибе алмасу мүмкіндіктері мен жаңашылдықтар туралы айтылды.
Ал, «Жас мемлекеттік қызметшілер» мектебі аясында білім алып, тестілеуді сәтті тапсырған Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 2024 жылғы бітіруші түлегі Еркебұлан Нұрланұлы Абдуллаев таланттар пулына қабылданған болатын.
Таланттар пулы – уәкілетті органың аумақтық бөлімшелері жанынан құрылған «Жас мемлекеттік қызметшілер» мектебін сәтті бітірген кандидаттардың тізімі.
Аталған жоба аясында білім алған түлек 2024 жылғы 11 қазаннан бастап ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бас маманы лауазымына қабылданды.
Атап өту қажет, 2018 жылдан бері өз жұмысын бастаған «Жас мемлекеттік қызметшілер» мектебінің 10-ға жуық түлегі қазіргі таңда мемлекеттік қызметте жұмыс атқаруда.
Сондай-ақ, Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Д. Суртеков Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалында мемлекеттік қызметке алғаш рет кірген мемлекеттік қызметшілер үшін мемлекеттік қызметтегі шектеулер тақырыбында семинар өткізді.
Семинар барысында, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер, лудомания, Әдеп кодексі талаптарын қатаң сақтау, мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының негізгі міндеттеріне тоқталып, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру және мемлекеттік қызмет өткеру тақырыбында баяндады.
Сондай-ақ, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 12-бабының 1-тармағы ойын мекемелерінде құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдау жөніндегі 6) тармақшамен толықтырылғанын атап, құмар ойын мекемелеріне бару тәртіптік жауаптылықты көздейтін болса, құмар ойынына қатысу, бәс тігу қызметтен босатуға алып келетінін түсіндірді.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің қызметте де, қызметтен тыс уақытта да әдеп нормаларын сақтауды басты назарда ұстау керектігін жеткізді.
Ал, Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент басшысы А. Наурызбаев «Адал қызмет – ұрпаққа үлгі» тақырыбында Халықаралық туризм және меймандостық университетінде жас мемлекеттік қызметшілер мен аталған университет студенттерімен TEDx форматында кездесті.
Кездесудің мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті халыққа адал қызмет ету, ұлт мәртебесін көтеру, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болуды түсіндіру.
Шара барысында А. Наурызбаев жастарға бүгінгі мемлекеттік қызметте атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстарды айтып, ақпараттармен бөлісті.
Бұдан басқа, Президенттің 2024 жылғы 17 шілдедегі № 602 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша да кеңінен мағлұмат беріп, аталған тұжырымдамаға сәйкес алдағы уақыттағы мемлекеттік қызметтің дамуына қатысты пікірлерімен бөлісті.
Қалай айтсақ та жастар – еліміздің ең белсенді қозғаушы күші, қоғамның бір бөлігі. Олар жас мемлекетті өз білімімен, біліктілігімен, жасампаз еңбегімен, дамыған, бәсекеге қабілетті және әлемге атын әйгілеуге тер төгуде. Қазіргі уақытта елімізде жастарды қолдап, олардың әлеуетін жүзеге асыруға барынша қолайлы жағдайлар жасалуда. Бұл тренд мемлекеттік қызметте де кең таралған. Мемлекеттік қызметтегі жастар мемлекеттік басқарудың әр саласында біліктіліктеріне сай қызмет етуде. Соңғы жылдары мемлекеттік қызметтің сапалық құрамындағы жас мамандар үлесінің тұрақтылығы мемлекеттік аппараттағы кадрлар сабақтастығын көрсетеді.
Қоғамның дамуын ілгерілететін жетекші күш ұшқыр ойлы, бәсекеге қабілетті жастар екендігі белгілі. Сондықтан қоғам оларға үлкен үміт артады. Осыған орай, жас мамандар үшін іске асырылып жатқан тың жобалар олардың әлеуметтік жағдайын және сол арқылы қызметтегі тиімділігін одан әрі арттыруға ықпал етеді деген сенім бар.
Мемлекеттік қызмет — жауапкершілігі мол міндет. Мемлекеттік қызметте жүрген әрбір адамның басты ұстанымы қарапайымдылық, әділдік пен адалдық болуға тиіс. Кәсібилік пен әдептілік оның тұтас имиджін көрсетеді. Міне, бұл орайда ел жастары мемлекеттік ызметте сенімді ақтайды деген сенім мол.
Фото: Tumba.kz