Әрине, колледж директорының нақты қанша сомада пара алғаны белгісіз. Алайда директордың грант орындарын саудалап, ақша алғаны мәлім болды. Дәл қазір осы іске байланысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Өткен жылдың тамыз айында Тараз технология және сервис колледжінің директоры «Жас маман» мемлекеттік бағдарламасы бойынша құрал-жабдық алуға бөлінген 47 миллион теңгені талан-таражға салды деген айыппен 4 жылға сотталып кетті.
Міне, Жамбылда білімнің көкжиегін дамытумен қатар осы саладағы сыбайлас жемқорлықты ауыздықтайды деп сенім артылған оқу орны басшыларының өзі жең ұшымен жалғасудың небір үлгілерін көрсетіп жатыр. Және білім саласындағы жемқорлық тек басшылардың пара алуымен ғана бітпейді.
Биылғы жылдың тамыз айында Астанадағы ауыл мектептері педагогтерінің республикалық форумында Ақмола облысында мұғалім болып жұмыс істеп жүрген жас маман Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа Жамбыл облысындағы сыбайлас жемқорлық туралы шағым айтқаны белгілі.
«Мен қазір Ақмола облысында жұмыс істеп жүрмін. Ал негізі Жамбыл облысында, өз туған өлкемде жұмыс істегім келген. Бірақ ол жақтағылар «орын жоқ» деген желеумен шығарып салды. Бір жерге жұмысқа кіру керек болса, кемінде 1 млн теңге, әйтпесе 1,5-2 млн теңге сұрайды. Қашан мен сияқты жастар ақшасыз, өзі жұмыс табатын күн болады?» деп ашынды жас педагог. Министр «Бәрі өзімізден басталады. Сіз ақыры Ақмола облысына келген екенсіз, осы жерде мықты маман ретінде жұмыс істеп жетіліңіз. Одан кейін мен сізді Жамбыл облысына басқарманы басқаруға жібере аламын. Сол кезде осы былықтың бәрін жойып, тәртіпке келтіре аласыз» деп жауап қатты.
Иә, шынында соңғы жылдары білім саласындағы жемқорлық туралы Жамбылда түрлі әңгімелер айтылады. Әсіресе, мұғалімдік жұмысқа тұрудың өте қиындығы, мұғалім болу үшін тек тамыр-таныстың арқасында пара беру арқылы ғана жұмысқа тұра алатының ашық айтылады. Осыдан кейін Жамбыл облысында пара бермей мұғалім болу мүмкін емес пе деген ой туындайтыны рас. Қалай айтсақ та жоғарыда министрге сұрақ қойған жас маманның әңгімесі Жамбылдағы білім саласының шынайы көрінісін айғақтап тұрғандай.
Қазір еліміздің бірнеше облысындағы аудан, қалалық білім бөлімдері бухгалтерлерінің жылдар бойы жасырын схема бойынша бюджет қаржысын жымқырып келгендері анықталып жатыр. Яғни, бұл саладағы жемқорлық жаңа деңгейге көтерілді деген сөз.
Жалпы мұғалім мамандығының беделін арттыру үшін мемлекет тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп, жыл сайын қаржыландыру көлемі ұлғайтып келеді. 2021 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы 2 есе өсті. Ғылыми дәрежелері мен сыныптан тыс сабақтар үшін қосымша төленетін еңбекақы көлемі көтерілді. Алайда бәрібір білім беру саласы жемқорлық фактілері ең көп тіркелетін салалардың бірі болып табылады. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны бойынша үнемі көшбасшылар үштігіне кіреді.
Өткен жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті облыстық білім басқармасымен бірлесіп басқарманың еңбекақы төлеу қорына байланысты қызметінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Талдаумен Байзақ, Жуалы, Жамбыл, Шу және Т.Рысқұлов аудандары қамтылып, онда 132 бұзушылық анықталды. Талдау аясындағы мемлекетке келтірілген залалдың алдын ала сомасы 190,0 млн астам теңгені құрады. Бес ауданда жүргізілген талдау нәтижесі осы салада заңсыз үстемақы тағайындау, мұғалімдердің аты-жөнін көрсете отырып, өздерінің есеп шоттарына заңсыз жалақы аудару, бірнеше жерде тіркеліп жұмыс жасау арқылы заңсыз еңбек ақы алу, өз есеп шоттарына ақша аудару жүзеге асырылғанын анықтады. Мұның барлығы осы салада басқарма мен бөлім басшылары тарапынан тиісті бақылаудың болмауынан орын алып отыр.
Бұзушылықтардың басым бөлігі бухгалтерлік жүйенің тиісті жетілмеуінің салдарынан және адами фактордың арқасына мәліметтерге қолдан өзгеріс енгізу барысында орын алған. Сондықтан айына бір рет қазынашылықтан алынған төлем құжаттары мен «5-15 еңбекақы аударымдар» арасындағы сәйкессіздіктер сомасын қаралатын болады. Одан кейін биылғы жылы балабақшаларда да биометриялық сәйкестендіруді енгізу жұмыстары бастама алмақ, бұл да бюджеттік қаржыны ысырапсыз жұмсауға жол бермеудің бірден-бір көзі деп есептейміз. Себебі талдау кезінде қаралған тек бір ғана балабақшаның өзінде 20 балаға дейін келмейтіні, жалған құжаттама рәсімдеу тәуекелдері орын алғаны анықталған болатын. Яғни, бұл балабақшалар мен мектептердегі балалардың нақты санын шығарып, құжат бойынша көрсетілген азаматтармен сәйкестендіріп, есепте жоқ адамдарды әшкерелеу үшін қажет.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда. Мәселен, 2023-2024 жылдары бюджет қаражатын мақсатсыз пайдаланумен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауда 24 балабақша меңгерушісі әшкереленді, келтірілген залал сомасы 171,4 млн теңгені құрады.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті превенция басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Байгебаевтың айтуынша осы саладағы жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әкімдіктермен бірлесіп мектепке дейінгі мекемелерде жемқорлық факторларын болдырмауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйелерді енгізу жөніндегі жобаларды іске асыруда. Мысалы, Алматы және Қызылорда облыстарында балалардың қатысуын есепке алу процестерін автоматтандыру мақсатында жан басына шаққандағы қаржыландыру жүзеге асырылатын электрондық табельді қалыптастыра отырып, биометриялық сәйкестендіру және QR-код тетіктері пайдаланылады. Қабылданған шаралар жалған балабақшалар құрудың алдын алуға, мектепке дейінгі мекемелерге іс жүзінде бармайтын балаларды тіркеуден шығаруға және бюджет қаражатының шамамен 3,8 млрд теңгесін үнемдеуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Білім министрлігі Шымкент, Тараз және Түркістан қалаларында мектепке дейінгі мекемелерді ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасын іске асыруда. Тараз қаласында бұл жоба балаларды балабақшаларға қабылдау процесін автоматтандыруға, ваучер алу кезегін нөлге дейін қысқартуға, балабақшаларға іс жүзінде бармайтын 9 000-ға жуық баланы анықтауға және екі айда 600 млн теңге бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді. Ағымдағы жылдың 21 қазанында жедел кеңесте Агенттік Төрағасы осы бағыттағы жұмысты масштабтауды, оның ішінде Білім министрлігі іске асырып жатқан пилоттық жобаны сүйемелдеуге алуды тапсырды.
Жалпы еліміз бойынша жыл басынан бері білім саласында 287 қылмыстық іс тіркеліп, 16,2 миллиард теңге шығын келген. Бұл істер бойынша 387 адам жауапқа тартылып, 207-сі әр түрлі мерзімге сотталды. Ал 2023 жылы осы жемқорлықтың кесірінен 192 қылмыстық іс қозғалып, 13 миллиард теңге жымқырылған болатын. Яғни, білім саласындағы жемқорлық жыл сайын қанатын кеңге жайып келеді.
Иә, жемқорлықты жою бағытында жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Әйтсе де жемқорлық тәуекелдерді жоюға байланысты қаншама шаралар қабылданғанымен, қаншама оңтайландыру мен цифрландыру жұмыстары жүргізілгенімен, білім саласы қызметкерлері бойында жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптаспаса және де тиісті бақылау болмаса бар жұмыс жоққа шығады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл әрекеттерін оқыту мектеп қабырғасынан, балабақшадан басталуы керек.
Фото: Tengrinews