Жақында Төлеби ауданы Бірінші Мамыр ауылында орналасқан «Төлеби» спорт клубында “Көшпенділер ойыны” мәресіне жетті.
Ата бабамыздан бізге жеткен баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз ұлттық ойынды насихаттап, олардың денсаулықтарын шыңдай түсуге ықпал ету және ұлттық ойындар арқылы белсенділікке, тапқырлыққа, көрегенділікке, күштілікке тәрбиелеуге бағытталған спорт сайысына Түркістан облысынан 12 команда қатысты.
Жастардың бойына патриоттық сезім қалыптастырып, қазақ халқының ұлттық ойынын салт – дәстүрін , әдет – ғұрпын дәріптеуді көздеген сайысқа қатысушылар арасында спорттық жеті түрінен жеңімпаз атанған командалар марапатқа ие болды.
Ұлттық спорт түрлерін дамытуға септігін тигізетін жарыс жеңімпаздарын аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев, “Облыстық жастар ресурстық орталығы” КММ-нің басшы орынбасары Пердебек Сержанұлы марапаттады.
Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте Бәйдібек ауданы жүлделі орыннан көрініп, 500 мың теңге сыйақыға ие болды. Екінші орынды Төлеби ауданы жеңіп алып, 300 мың теңге сыйақы алса, Сарыағаш ауданының жастары 200 мың теңге сыйақы алып, жеңіс тұғырына шықты.
Ұлттық спортты ұлықталып, өзге құндылықтар да ұмытылмаған «Көшпенділер ойынында» үздік киім үлгісі бойынша — Арыс қаласы, Қазығұрт, Сауран аудандары марапатталса, қатысушы командаларға арнайы диплом мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Сондай-ақ Түркістан облыстық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің бастамасымен “40 ой мен той” жобасы аясында Сарыағаш және Жетісай аудандық “Жастар ресурстық орталықтары” КММ-нің бірігіп ұйымдастыруымен жастар арасында облыстық спартакиада өтті.
Жастардың спорттық шеберлігін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған спартакиадаға аудан, қалалық жастар орталықтарының мамандары қатысып, өзара бақ сынады.
Іс-шараның ашылу салатанатына Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов, облыстық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің басшысы Ернар Нұралыұлы, Сарыағаш аудандық мәслихатының депутаты Нұржан Пернебайұлы қатысты.
Жастардың физикалық белсенділігі мен командалық рухы сыналған бәсекеге қатысушылар спорттың 6 түрінен сайысқа түсті. Атап айтқанда, арқан тартыс, гір тасын көтеру, ләңгі тебу, үстел теннисі, белтемірге тартылу және волейболдан өзара сынға түсті.
Командалық есеп бойынша оқ бойы озып шыққан Төлеби ауданы I орынды иеленсе, Қазығұрт ауданы II орынды қанжығалады. Ал Сауран ауданына III орын бұйырды. Жеңіске жеткен командалар арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ал, сарыағаштық жастар арасында аудан әкімі кубогы үшін «IQ BATTLE» зияткерлік сайысы болып өтті. Сайыста аудан әкімінің орынбасары А.Қозыбаев сөз алып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Білімділер сайысына аудан аумағындағы жастардан құралған 22 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Тартысты әрі қызықты өткен білімділер сайысында жүлделі 3- орынды №4 мамандандырылған мектеп-интернатының «DDD Triple D» командасы иеленсе, 2- орынды Жартытөбе ауылдық округі Т.Оспанов атындағы жалпы орта мектебінің «Тамаша like» командасы иеленсе, ал, 1-орынды «аудан әкімінің кубогін» «Конина Power» командасы иеленіп, қанжығасына байлады. Сайыста «Жас Қазақ» командасы «Жеңіске деген жігер» номинациясын иеленсе, «Аймауытов қырандары» «Үздік киім үлгісі» номинациясын жеңіп алды. Барша қатысушы командаларға аудан әкімінің арнайы дипломдары және бағалы сыйлықтар табысталды.
Айта кетсек, зияткерлік ойынның мақсаты – дарынды жастарды анықтау, олардың танымдық қызығушылықтарын ояту арқылы білім деңгейін көтеру. Сондай-ақ, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға ықпал ету.
Сондай-ақ, Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Жетісай спорт клубы» КММ мен Ислам Пірназаровтың шәкірттерінің ұйымдастыруымен Жетісай қаласында қыздар арасында волейболдан облыстық турнир болып өтті.
Жарыстың салтанатты ашылуына Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Тұрышбек Елшібаев, Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битуреев, Ислам Тұрдыбайұлының туыстары мен шәкірттері қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Қоғамда ұрпақтар сабақтастығын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, жастар арасында волейбол спортына деген қызығушылықты арттырып, аға буын өкілдерінің ізін басқан жас спортшыларға тәжірибелерімен бөлісу, жастардың кәсіби біліктіліктерін арттыру, ұлағатты ұстаз Ислам Пірназаровты еске алу болып табылатын облыстық байрақты бәсекеге Түркістан облысының барлық аудандары мен Шымкент қаласынан келген 20 командада 300-ге тарта спортшы қатысып, бақтарын сынасты.
«Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған турнирді алдағы уақытта республикалық, халықаралық деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз» дейді ұйымдастырушылар.
Командалар арасында өзара тартысты өткен ойындар төрешілердің бекіткен ережесіне сай қорытындыланып, IV орынға Қазығұрт ауданының командасы, жүлделі ІІІ орынға Мақтаарал ауданының құрама командасы табан тіресе, ІІ орын Жетісай ауданының бұрымдыларынан құралған ойыншыларға бұйырды. Ал, жүлделі І орын Түркістан қаласының әуе доп шеберлерінің қанжығасына байланып, чемпион атанды.
Одан бөлек, жүлделі орынға ие болған командалар мен үздік ойын үлгісін көрсеткен жекелеген ойыншылар – Ажар Жұмағұлова «Үздік қорғаушы», Айзере Хамидулла «Үздік шабуылшы», Ұлжалғас Қожақай «Үздік доп ұзатушы», Назима Каримова «Үздік ойыншы» номинацияларына ие болса, Алена Романова мен Жахонгир Мадалиев «Үздік жаттықтырушы», Батырхан Әбдіәшім мен Бақдәулет Саттар «Үздік төреші» атанды.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен үздіктер ұйымдастырушылардың қаржылай сыйлықтарымен, кубоктарымен, медальдарымен және дипломдарымен марапатталды.