2024 жылда 14 391 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 142,7 мың этникалық қазақ оралды. Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 45,8%-ы Қытайдан, 39% – Өзбекстаннан, 5,9% – Моңғолиядан, 5,2% – Түрікменстаннан, 2,9% – Ресейден және 1,2% басқа елдерден, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Осы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,6%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 33,1%-ды және зейнеткерлер 9,3%-ды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,9%-ы жоғары білімді, 24,4%-ы орта кәсіби білімді, 54,4%-ы жалпы орта білімді, және 3,3% білім жоқ.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.
Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 3 033 адамды құрайды. 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 477 қандас қоныс аударды.
Фото: Kapital.kz