Жиынға Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельева жетекшілік етті.
Есеп жөнінде Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков пен Жоғары аудиторлық палата мүшесі Нұрлан Нұржанов баяндама жасады.
Қаржы вице-министрінің айтуынша, былтыр ЖІӨ өсімі 5,1 пайызға жетіп, бекітілген болжамдық мәннен 1,1 пайызға артқан. Бюджет кірісі – 19,3 трлн теңге, шығыны – 22,4 трлн теңге болған. Бұл ретте бюджет тапшылығы 3,1 трлн теңгені құрап, 73,6 млрд теңге игерілмеген. Үкімет мәліметтері мен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүргізген тексеру нәтижелері бойынша, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 16 пайызға артып, 489 млрд теңгені құрап отыр.
Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау мен пайдалану және 537 млрд теңге сомасында бюджет бағдарламаларын тиімсіз басқару анықталғанын айтты.
– Тұтастай алғанда бюджет қаражатының жеткілікті жоғары игерілуіне қарамастан, индикаторлар мен бюджет қаражаты арасындағы әлсіз өзара байланыс, нәтиже көрсеткіштеріне елеулі түзетулер енгізу, нәтижелерге қол жеткізуге бюджет бағдарламалары әкімшілері жұмысының тиісті ықпалының болмауы және басқа да кемшіліктер бар, – деді Н. Нұржанов. Бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында да кемшіліктер анықталған. Олардың ішінде: жобалау кезіндегі алдын ала талдау сапасының жеткіліксіздігі, ведомствоаралық байланыстың әлсіздігі, нақты қаржыландыру критерийлерінің болмауы бар. Баяндамаларды тыңдап болған соң Мәжіліс депутаттары бюджеттің атқарылуына қатысты сауалдарын қойды. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану мәселесіне назар аударды.
– Бұл – аяқталмаған нысандар мен тұрғын үйлер, жөнделмеген жолдар. Жағдай жыл сайын қайталанады, яғни бюджетті жоспарлауда үлкен кемшіліктер бар. Оларды жою үшін қандай іс-шаралар қабылданып жатыр және мәселені толық шешу үшін не істеу керек? – деп сұрады депутат.
– Оның себептерінің бірі – мемлекеттік сатып алу рәсімдері. Осы аптада мемлекеттік сатып алу туралы заңды қабылдадыңыздар. Оған жаңа өзгерістер енгізілді. Ол күшіне енген соң мұндай кемшілік болмайды деп ойлаймыз. Екіншіден, қазір Мәжілістің қарауында бюджет кодексі бар. Оның аясында осы игерілмеген қаражатты келесі жылы игеру мүмкіндігі қарастырылған. Жаңа бюджет кодексінде жаңа тетіктер енгізілмек, – деп жауап берді Қаржы вице-министрі.