Депутаттың айтуынша, азаматтарды медициналық орталықтарға бекітудің ерекшелігіне байланысты пациенттер күрделі аурудан емделу үшін дәрігер мен емхана іздеп ірі медициналық мекемелерге уақытша бекітіледі және толыққанды материалдық-техникалық базасы жоқ емханалар арасында көшіп-қонуға мәжбүр болып отыр. Дәрігерлер де азаматтардың кейбір санаттарын тіркеуде қиындыққа тап болуда.
«Әскер қатарына борышын өтеушілердің өздігінен емханадан шығару мәселесі қарастырылмаған. Өңірлердегі құзырлы органдар аталған тіркеуде қалған жасөспірімдер қаражатын заңсыз алынған қаражат санатына жатқызуда. Ал бұл өз кезегінде Қормен жалған тіркеулер ретінде көрсетіліп, медициналық қызметкерлердің дискредитациясына және дәрігерлердің жүйеден кетуіне әкелуде», — деді Ақмарал Әлназарова.
Сенатор соңғы 5 жылда алғашқы медициналық көмек қаржысының үлесі 21,9%-ға дейін төмендегенін, жалпы жүйеге берілген қаржы көлемінің өскеніне қарамастан МСАК тарифтері өзгеріссіз қалып келе жатқанын атап өтті. Өңір дәрігерлері көрсететін 42 қызметтің 38%-ына және орта буын қызметкерлер көрсететін 212 қызметтің 44%-ына тариф бекітілмеген. Ал жан басына шаққандағы кешенді норматив өңірлік қызметкерлердің қызметін толық қамти алмайды. Депутат сонымен қатар медициналық ұйымдарда бөлінген қаражатты дербес реттеу құқығының болмай отырғанына да тоқталды.
«Емханалар шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мекемелер болып саналғанымен, өз бетінше тәуелсіз басқару құқығынан айырылған. Оған дәлел ретінде мекемелердің сақтандыру қорынан бір жылға бөлінетін қаражатты, пациенттердің нақты қажеттілігіне ескерілмеген жоспары бойынша әр ай сайын игерумен айналысуы. Медициналық ұйымдар пациентті емдеу, ауруларды талдау емес, бекітілген қаражат игерілмегеніне немесе сызықтық шкаладан асса, салынатын айыппұлдарды болдырмаумен айналысуда. Нәтижесінде ұйымдардың талаптары мен қаржылық мүмкіндіктері арасында айтарлықтай алшақтық пайда болып, шығыстар медициналық көмек көрсетуге көзделген қаражат есебінен жабылуда. Ол өз кезегінде медициналық статистиканың бұрмалануына және келер жылдың жоспарының нақты қажеттілік ескерілмей жасалуына әкеліп соғуда», — деп атап өтті сенатор Әлназарова.