Бүгінгі күні Жамбыл облысындағы 445 мектептің 414-інде (93%) асхана бар. 31 мектепте асхана жоқ, бірақ тамақтандыру ұйымдастырылған.
Мектеп асханаларында қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлер саны – 39. Тамақтың бір күндік құны 500 теңгені құрап отыр.
Енді асханасы жоқ 31 мектеп қай аудандарда? Байзақ ауданында 5 мектепте асхана жоқ, дәл осылайша Жамбыл ауданында — 9, Меркіде — 4, Мойынқұмда — 1, Таласта — 2, Т. Рысқұловта — 5, Сарысу — 2, Шу — 2, Таразда — 1 мектепте асхана жоқ. Олардың 1-і орта, 1-і негізгі, 29-і бастауыш мектептер.
2023-2024 оқу жылында Сарысу ауданындағы асханасы жоқ 2 мектепте модульды асханалар құрылған. Сондай-ақ, асханасы жоқ қалған 29 мектепте бір оқу кабинетінде ыңғайластырылған асхана жасалып, жақын орналасқан мектептерден ыстық тамақ тасымалданып, жеткізілген.
Жалпы 2023-2024 оқу жылында мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтуға 9,5 млрд.тенге қаржы бөлініп, оның ішінде жалпыға бірдей міндетті білім қоры есебінен жекелеген санаттағы 43 198 оқушыға 3,9 млрд. теңге, 1-4 сыныптағы 71 168 оқушыны тамақтандыруға 5,6 млрд. теңге бөлінген.
Мектепке дейінгі ұйымдардағы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 5 620 тәрбиеленушіні тегін тамақпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 635,2 млн. теңге бөлінген.
Мектеп асханаларында 38 жеке кәсіпкер 9 296 340 595,00 теңгеге қызмет көрсетуде. Олардың ішінде ең көп сомада конкурс ұтып алғандарын айтатын болсақ:
Тоқсейтова А. жеке кәсіпкерлігі облыс бойынша 93 (Байзақ — 16, Жамбыл — 28, Меркі – 9, Сарысу – 8, Т.Рысқұлов – 17, Тараз — 15) мектепте 2 453 266 203 теңгенің азық-түлігін жеткізу конкурсын жеңіп алған.
Одан кейін «Ас Эко» ЖШС Тараз қаласында 15 мектепте 871 415 497,00 теңгенің,
«Арынова» ЖК Қордай ауданында 22 мектепте 727 130 000,00 теңгенің,
«КШСП» ЖШС облыс бойынша 21 (Байзақ-1, Жамбыл-11, Тараз-7, басқармаға қарасты мекеме-2) мектепте 669 561 047,00 теңгенің конкурстарына ие болған.
Естеріңізде болса, 2023 жылдың 7 қарашасында Байзақ ауданындағы Н. Киікбаев атындағы орта мектептің 46 оқушысы мен 2 мұғалімі тамақтан уланып, аудандық орталық ауруханаға түскен болатын. Бұл мектепке азық-түлікті Тоқсейтова А. жеке кәсіпкерлігі жеткізіп отырған.
Алайда тексеру қорытындысы бойынша Байзақ аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Тоқсейтова А. жеке кәсіпкерлігінің тарапынан пәлендей заң бұзушылық болмағанын мәлімдеді. Яғни, кәсіпкер тарапынан орын алған бұзушылықтар тіркелмеген.
Осыған байланысты 2024 жылы аз қамтылған отбасы оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін Тоқсейтова А. жеке кәсіпкерлігімен келісім-шарт ары қарай ұзартылған.
Байзақ ауданының прокуратурасының ұсынуын орындау мақсатында білім бөлімі тарапынан Н. Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры Г. Ермековаға тәртіптік шара қолданылды.
Н. Киікбаев атындағы мектеп асханасын қарау кезінде санитариялық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталған. Қысқасы, улану оқиғасына негізінен мектеп, оның ішінде асхана кінәлі болып тұр.
Әйтсе де Тоқсейтова А. жеке кәсіпкерлігі тек азық-түлік жеткізумен ғана айналыспайды. Асханаға аспазшыларды солар жұмысқа алады, солар жалақы төлейді. Былайша айтқанда асхананың тазалығына олар да жауапты.
«Таяқтың екі ұшы бар» дегендей яғни, Тоқсейтова А. жеке кәсіпкерлігі де жауапкершіліктен қаша алмайтыны анық.
Сондықтан 2,5 млрд теңгеге жуық тендер алып, облыстың 93 білім беру нысанына ең көп соммада азық-түлік жеткізіп отырған бұл жеке кәсіпкерліктің бұл істе сүттен ақ, судан таза боп шығуы көпшілікті таң қалдырғаны рас.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Жамбыл облыстық мәслихатының кезекті XV сессиясында «Денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік сала ұйымдарында тамақтану стандарттары талаптарының сақталуы және бюджеттен бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы туралы» мәселені зерделеу қорытындалары қаралды.