Шымкентте коронавирус індетін жұқтырғандардың күн санап көбейіп, үшінші мегаполистің «сары аймаққа» енгені жергілікті атқамінерлерді сары уайымға салып жатқанға ұқсамайды. Қалада мәдени шаралар дүркін-дүркін өтіп жатыр.
Әсіресе, қалалық мәденит және тілдерді дамыту басқармасының Ұлыстың Ұлы күнінде шымкенттіктерге керемет «сый» жасағаны әлі айтылып жатыр. «Түркістан» сарайында өткен 40 миллион теңгелік Наурыз-айтыстың өзі неге тұрады десеңізші. Осы шаралардың нәтижесінде карантин талаптарын бұзғаны үшін Шымкент қалалық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ханзада Есенова мен «Түркістан» сарайының директоры Сәкен Майғазиевті СЭС қызметкерлері әкімшілік жауапқа тартқаны әлеуметтік желіде жазылды. Басы дүркіреп басталған шараның ақыры осылайша жазалаумен аяқталғаны өкінішті-ақ.
Басы демекші, қайбір жолы ғаламторда осы Наурыз айтысқа бөлінген қаражаттың Шымкент қалалық мәслихатында қызу талқыланғаны, депутаттардың қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенованы сұрақтардың астына алғаны туралы видео тарады. Видеоға қарағанда, депутаттар басқарма басшысынан 40 миллион теңгенің нақты нендей іс-шараларға жұмсалатынын түсіндіріп беруді талап етеді. Есенова ештеңені жасырған жоқ.
-Наурыз айтыс екі күн өтеді, жалпы 16 айтыскер, 8 жұп қатысады. Шара республикалық деңгейде ұйымдастырылып отыр. Қонақтардың шығындары, самолет билеті, машинасы, үш күндік тұрысы, жүрісі, тамағы, гонорары, жюрилердің гонорары бар. Бас жүлдесі -2 миллион, бірінші орынға 1 миллион теңге. Асанәлі Әшімовтың, Жүрсін ағамыздың гонорары бар,-деген Есенова «Түркістан» сарайының сахнасын безендірудің өзіне 18 миллион теңге жұмсалатынын алға тартады. Депутаттар да аң-таң, ел де аң-таң қалысқан.
Ханзада Есенова Шымкент қалалық мәдениет басқармасы басшысының креслосын былтыр қыркүйекте иеленді. Шымкенттің тумасы. 2018 жылдың ақпанында ол Алматы қалалық мәдениет басқармасының басшысы қызметіне тағайындалған. Сол жылдың жазында Алматыда 23 миллион теңгеге (оның 15 миллионы бюджет қаржысы) қойылған алып тиіннің қамыстан жасалған ескерткішіне қатысты дау-дамай туындады. Кейінен 2019 жылдың аяғында Алматы қалалық мәдениет басқармасының жаңа басшылығы алып тиіннің 60-70 жылдары Францияда қойылғанын, мұндай плагиат дүниені не үшін қажет болғанын түсіне алмағдарын, енді оның бұзылатынын мәлім еткен екен. Осындай «мал шашпақ» бастамаларын Ханзада Есенова енді Шымкентте қайталап жатса, таңқалуға болмайды. Әзірге карантин екі қолға тұсау салып тұрғанын қарасаңызшы…
Айтпақшы, Шымкент қалалық мәдениет басқармасы айтыстың жүргізушісі Жүрсін Ерманға қанша гонорар төледі екен?
2012 жылы ақпарат құралдарына берген сұхбатында Жүрсін Ерман осы сұраққа:
– Ол жағын ұйымдастырушылар шешеді. Бірақ барлық нәрсе қаржыға тірелетіндіктен мәселе соның мөлшеріне қарай шешіліп жатады. Яғни қазылар алқасының мүшелеріне кейде аз, кейде көп қаламақы тиюі мүмкін. Мысалы, 11 – 12-ші ақпанда Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдығына байланысты өткізілген айтыста қазылар алқасының әрбір мүшесі 500 мың теңге «гонорар» алды. Рас, бұл кезде ақша мол жиналды. Сондықтан осылай ету жөнінде шешім қабылданған. Айтысқа еңбегім сіңгенін жұрт біледі. Ал өзіме келсем, екі рет көлік міндім. Біріншісін Шалбай Құлмаханов деген елге белгілі азамат сыйға тартқан. Сосын жуырда ғана өткен «Қонаевтай ер қайда?» атты аламан айтыста демеушілер құны 40.000 доллар тұратын «Хаммер» көлігін сыйлады. Қазір отбасыммен Астанада төрт бөлмелі пәтерде тұрамын. Ұл-қыздарым жақсы қызметте, табыстары жаман емес,-деп жауап берген екен.
Одан бергі аралықта теңгенің инфляцияға ұшырағанын ескерсек, гонарардың құны артпаса, кемімегені айдан анық.
Жүрсін Ерман былтыр журналист Нартай Аралбайұлының «Бір айтысты жүргізгеніңіз үшін қанша теңге аласыз?” — деген сұрағына:
-Ақорда деген қозғалыс құрылды бір кезде. Қайрат Сатыбалды құрып, Бекболат Тілеухан соның қасында жүретін еді. Ақорда өзін қолдайтынын білді де айтыс ақындарын құрамыз деп, мені 5-6 облысқа алып барды. Бекболат Тілеухан інім «бетіңізді көрсеткеннің өзі — 10 мың доллар, 6 облысқа барғанда алтаудан 60 мың доллар аласың» деп бағамды солай көтеріп беріп еді. Қазір менде ол ақша жоқ, түсіп қалды, — деген екен.
Жүрсін Ерман Шымкенттен 10 мың доллар гонорар алмаған шығар деген ойдамыз. Бірақ айтысқа еңбегі сіңген азаматтың соншама жерден ат терлетіп, тиын-тебенге бола келмегені айдан анық. Кешегі Біржан сал, Сүйінбай, Жамбыл ақындар мұндай көл-көсір дүниені түстерінде де көрмеген шығар. Сонда бұл айтыстың бағы ма әлде айтысты «жекешелендіріп» алған Жүрсін Ерманның бағы ма?