Климаттық және антропогендік әсерлерден өзен ағынының төмендеуі, ауа температурасының көтерілуіне байланысты булануы артты, аймақтағы жауын-шашынның азаюы теңіз деңгейінің төмендеуінің негізгі факторларына жатады. Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияздың айтуынша 1976-2023 жылдар аралығында Каспий аймағы үшін орташа жылдық ауа температурасының өзгеруі әрбір 10 жыл сайын +0,51°С құраған.
2006-2023 жылдар аралығында Каспий теңізіндегі жауын-шашын 65 мм-ге азайды. Осы факторлардың барлығы Каспий теңізіне құйылатын судың азаюына алып келді.
«Каспий теңізіне шамамен 130 өзен құяды, бірақ ағынның негізгі бөлігі Волга өзенінен келеді, бұл ағынның 80%-дан астамын қамтамасыз етеді. Жайық өзенінің ағысы жалпы ағынның 3%-нан аспайды. Ғылыми бағалауларға сәйкес, қазіргі климаттық үрдістер мен суды басқару режимдері сақталса, Каспий теңізі деңгейінің одан әрі төмендеуі болжануда. Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне жол бермеу үшін судың түсуі мен шығуы арасындағы тепе-теңдік қажет. Егер барлық Каспий маңы мемлекеттерінің бірлескен күш-жігері жасалмаса, 2030 жылға қарай теңіз деңгейі ғылыми болжам бойынша минус 29,5-30,2 м-ге дейін жетуі мүмкін» дейді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Б. Бекнияз.
Осыған байланысты мамандандырылған ғылыми институттар мен мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен Каспий теңізінің тайыздану проблемаларын зерделеу үшін Ресей Федерациясымен екіжақты жұмыс тобы құрылмақ.
Фото: Inbusiness.kz