Қоғам дамуы жоғары деңгейінің көрінісі -жануарларға адамгершілікпен қарау. Мұндай тұжырым жануарларға қатыгездік жасауға тыйым салатын халықаралық нормаларда нақты бекітілген. Елімізде де адам мен жануарлардың қарым-қатынасына қатысты мәселелер бірқатар заңнамалық актімен реттеледі.
Бірақ, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне қарағанда осы жылдың 9 айында жануарларға қатыгездік жасауға байланысты 50 құқық бұзушылық іс тіркелген. Яғни өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда құқық бұзушылық 13,6 пайызға артып отыр.
Алдағы уақытта дәл осындай келеңсіздіктерді жою үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке жануарларға жауапкершілікпен қарауға бағытталған арнаулы заң әзірлеуді тапсырған еді. Күні кеше Сенат сол құжатты қабылдады.
2023 жылдан үй жануарлары міндетті түрде есепке алынады
Сонымен жаңа Заңмен барлық бұқаралық ақпарат құралдарында жануарларға қатыгездікпен қарауды насихаттауға және осындай насихаттың кез келген нысандарына тыйым салу енгізілді. Жануарлардың иелеріне күтіп ұстау, есепке алу, тасымалдау, өсіру жөніндегі міндеттер белгіленді.
2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап жануар иесінің есебінен есепке алу бұйымдарын пайдалана отырып, үй жануарларын міндетті есепке алу бекітілді. Бұл ретте үй жануарларының иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын жағдайда, есепке алуды бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Ал қаңғыбас үй жануарларын вакцинациялау мен стерильдеуді жүзеге асыру мемлекеттік бюджет қаражатынан жасалады. Жергілікті атқарушы органдарға жануарларға арналған жеке панажайларды қоса қаржыландыру құқығы ұсынылады. Жануарларды жансыздандыруға олардың азап шегуін тоқтату және халықтың өмірі мен денсаулығына төнген қатерді жою мақсатында ғана жол беріледі. Ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық іс-шараларға қатысу үшін жануарларды пайдалану дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
Заңда Зооқорғаушылардың жылжымалы хайуанаттар бағы, контактілі зоопарк, жылжымалы океанариумдар, дельфинарийлер мен жануарлардың жылжымалы көрмелерін құруға және олардың қызметіне тыйым салу туралы ұсыныстары да ескерілді. Бұл норма аталған ұйымдардың меншік иелеріне бизнесті тарату немесе қайта ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды өткізу үшін уақыт беру мақсатында кейінге қалдырылады.
Атап айтқанда осы тыйым салулар 2025 жылдан бастап, ал дельфинарийлер үшін 2029 жылдан бастап қолданысқа енізіледі.
Қылмыстық жаза түрлері
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңның негізгі ережелерін іске асыру үшін қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Атап айтқанда, ҚР Қылмыстық кодексте 316-бап 3 бөлікке бөлінген:
1) жануардың мертігуіне әкеп соққан жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін (санкциялар сол күйінде қалады – 120 айлық есептік көрсеткіш және 30 тәулік қамауға алу);
2) жануардың өліміне әкеп соққан қатыгездікпен қарау (айыппұл 200 айлық есептік көрсеткішке дейін немесе 583 400 теңгеге дейін ұлғайтылды және 50 күн бас бостандығынан шектеледі);
3) егер осы және басқа да іс-әрекет бірнеше рет немесе адамдар тобымен сөз байласу арқылы, жас балалардың қатысуымен немесе бірнеше жануарларға қатысты жасалса (1000 айлық есептік көрсеткіш немесе 2,9 миллион теңге айыппұл салынады және бір жылға дейін бас бостандығынан шектеледі).
Сондай-ақ, осы баптан жануарларға «бұзақылық ниетпен» қатал қарау белгісі алынып тасталды. «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңда облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың мәслихаттарының жануарларды серуендету, аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидаларын бекіту жөніндегі құзыреті кеңейтілді. «Ветеринария туралы» Заңда жергілікті атқарушы органдардың қаңғыбас жануарлардың санын реттеуді ұйымдастыру бөлігінде құзыреті арттырылды.
Әкімшілік жаза түрлері
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңмен қалыптасқан идеологияны іске асыру, оның ішінде жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін алдын алу және объективті жазалауды жүзеге асыру мақсатында құқық бұзушылықтың жаңа құрамы енгізіледі.
Нақтырақ айтар болсақ, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 407-1-бабымен жануарларға қатыгездікпен қарау үшін жеке тұлғаларға — 5, лауазымды тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Бұзушылық қайталанатын жағдайда жеке тұлғаларға — 20, ал лауазымды тұлғаларға 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 407-2-бабы. Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасы бойынша:
1) жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру;
2) үй жануарларын есепке алу;
3) жануарларды зоологиялық питомниктерде, жануарлар паналарында, зоологиялық қонақ үйлерде, жануарларды уақытша ұстау орталықтарында, жануарларды сауықтыру орталықтарында ұстау;
4) үй жануарларын ұстау және серуендеу; 5) жануарларды тасымалдауға қойылатын талаптарды бұзған жағдайда жеке тұлғаларға — 10, лауазымды тұлғаларға — 20, заңды тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады. Бұзушылық қайталанатын жағдайда айыппұл көлемі екі есеге артады.