Ләззат Сүлеймен мен Ләззат Қалтаева Ташкенттегі әйелдер форумына қатысты

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ләззат Сүлеймен мен Ләззат Қалтаева Ташкент қаласында өткен «Әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі рөлін жандандыру және олардың шешім қабылдауға қатысуы»тақырыбындағы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының әйелдер форумына қатысты.

Іс-шара гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ тұрақты даму басымдықтарына қол жеткізу бойынша Форумға мүше елдердің өзара іс-қимылын нығайту мақсатымен ұйымдастырылды.Сол арқылы ШЫҰ мемлекеттерінің өзара іс-қимылын дамыту көзделген.

Сенатор Ләззат Сүлеймен форумда сөйлеген сөзінде Қазақстанның әрқашан тең құқықты жақтаушы болғанын және солай бола беретінін атап өтіп, елде құқықтық және институционалдық негіз қалыптасқанын, гендерлік теңдік пен әйелдердің құқықтарын қорғау саласында белгілі бір прогреске қол жеткізілгенін айтты.

Сонымен қатар, депутат біздің еліміз халықаралық стандарттарды ескере отырып, әйелдер құқығын қорғау және кемсітушіліктің алдын алу мәселелері бойынша ұлттық заңнаманы және құқықтықтәжірибені одан әрі жетілдіруді жалғастыра беретінін жеткізді.

«Біздің қоғамда әйелдердің саясатқа қатысуы жыл сайын өмір сапасының жақсаруына жағымды әсер етіп келеді. Бұл жағдай отбасы мен балаларды қорғаудың әлеуметтік мәселелерін шешу бағытындағы саяси күн тәртібінің маңызын арттыруға да ықпалын тигізуде. Соның нәтижесінде бұл мәселеге қатысты даулар азайып, келісім көбейгенін атап өткен жөн», – деді сенатор Ләззат Сүлеймен өз сөзінде.

Форумға қатысқан қазақстандық делегация құрамында Қазақстан Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әлия Сапарова, COVID-19 қарсы қазақстандық вакцинаның авторы Күнсұлу Закария және Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының басшысы Раушан Сәрсенбаева болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.