Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедовты марапаттады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті

Мемлекет басшысы Ашхабадқа жұмыс сапары аясында Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті.

Қазақстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовті туған күнімен құттықтап, оның басшылығымен Түркіменстан әлеуметтік-экономикалық салада елеулі табыстарға қол жеткізгенін атап өтті.

Әңгімелесу барысында дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан 30 жыл ішінде Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы қарым-қатынас бауырластық және стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілгені айтылды. Әңгімелесушілер сондай-ақ екіжақты сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың тұрақты дамуын жоғары бағалады.

Қазақстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің қазақ-түрікмен қарым-қатынасының нығаюына қосқан зор үлесін ерекше атап өтіп, оған Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыс етті. Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедов Халық Маслахаты төрағасы ретінде Түркіменстанды дамытуға, аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді түрде атсалысатынына сенім білдірді.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысының шақыруымен Түркіменстанға Каспий маңы мемлекеттері басшыларының 6-шы саммитіне қатысу үшін келген болатын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.