Дариға Назарбаева не себепті Мәжіліс отырысына қатыспай жүр

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева мәжілістің бүгінгі отырысына да қатысқан жоқ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

«Ол да басқа әріптестері сияқты денсаулығына байланысты демалыс алып, бүгінгі отырысқа қатысқан жоқ», – деді баспасөз қызметінің мамандары.

Мәжіліс отырысына денсаулығына байланысты Дариға Назарбаева ғана емес 20-ға жуық депутат қатыспаған.

Айта кетері, Дариға Назарбаева биыл 5 қаңтарда болған мәжілістің отырысына да келмеді. Кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәжіліс депутаттарына жаңа премьер-министрді таныстырып, өзінің кезекті үндеуін жолдаған болатын. Депутат Назарбаева сол отырысқа да қатысқан жоқ.

Мәжілістің жетінші шақырылымында Дариға Назарбаева Nur Otan партиясының тізімі бойынша депутаттық мандатқа ие болды. Ол экономикалық реформа және аймақтық даму комитетінің құрамына кіреді.

Бұған дейін комитет басшысы Альберт Рау Дариға Назарбаеваның еңбек тәртібін бұзбағанын және жұмысқа дәлелді себеппен келмей жүргенін айтқан.

Қазақстандағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бірқатар бұқаралық ақпарат құралы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасы мүшелері шетел асып кеткені туралы жазған.

Ал Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай ол ақпараттың шындыққа жанаспайтынын, ал Нұрсұлтан Назарбаев астанада президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен тікелей байланыста екенін мәлімдеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.