Шымкентте жалдамалы пәтерден екі қыздың денесі табылды: Полиция пікір білдірді

Шымкент полициясы жалдамалы пәтерде екі қыздың қаза табуына байланысты қозғалған қылмыстық істердің жай-жапсарын жариялады, деп хабарлайды Отырар арнасы.

Еске сала кетейік, 25 және 30 қарашада Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерлерден екі бойжеткеннің денесі табылған болатын. Алғашқысы 22 жастағы бойжеткен. Қан-жоса боп жатқан оны бірінші болып сол үйдің иесі көрген. Қазір бұл іс бойынша күдікті ретінде 31 жастағы азаматша ұсталды. Ал 1998 жылы туған екінші қыздың денесі 30 қарашада анықталды.

«Есік құлттаулы болған. Ішінде адам мәйіті табылды. Терезенің барлығы жабық болған. Қайғылы жағдай орын алды ол жерде. Тәуліктік пәтерлермен жұмыс істеп жатырмыз. Бастапқы кезде 250-дей адам алып келіп тексеріп жібергенбіз», – деді Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмахамбетов.

Ведомство басшысы осыдан кейін еліміздің үшінші мегаполисінде тәуліктік пәтерлерде тексерістің күшейгенін жеткізді.

Алайда, қала тұрғындардың пікірі басқа. Мысалы, жалдамалы пәтерлерімен танымал Республика даңғылындағы көпқабатты үй тұрғыны Светлана Найденова мұндай үйлердің күннен күнге көбейіп бара жатқанын айтады.

«Тәулікке берілетін пәтерлер бәле болды. Түнімен ұрыс-керіс, неше түрлі дауыстар шығып, берекемізді кетіреді. Қанша рет 102-ні шақырдық. Одан дым пайда жоқ. Келіп, сол пәтер иелерімен сыртта сөйлеседі де, кетеді. Ал учаскелік полицейлердің бізбен тіпті жұмысы жоқ. Былықтың бәрі осы жерде ғой. Есірткі де, адам өлімі де осында болып жатыр», – дейді ол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.