Баламалы энергия – ел болашағы

Бүгінде энергия көздеріне деген сұраныстың көбейгені рас. Алайда бұл жағдай қуат тапшылығына алып келуі мүмкін. Энергия жетіспеушілігі алдағы уақытта қатты білінеді. Мамандар осылай деп дабыл қағып отыр.

Мәселені шешудің жолы баламалы қуат көздерін өндіру. Сол арқылы сұранысты қанағаттандыру. Жалпы, еліміздің климаттық жағдайы күн, су, жел энергиясын пайдалануға өте қолайлы. Табиғаттың бағасыз сыйын дер кезінде ұғынып, іске асыру маңызды екенін түсінуіміз керек. Әлем мемлекеттері жолға қойып, игілігін көріп отырған «таза энергияны»  елімізде өндіру кезек күттірмес мәселе. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «Бүгінде әлем бойынша өндірілетін элекр энергиясының төрттен бірі жаңартылған энергия көздеріне тиесілі. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 80 процентке жетеді. Біз 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 процентке жеткізу міндетін қойдық» деген болатын.

Бұл орайда 2019 жылдан бері ауданда жел энергиясын пайдалану жұмыстары бойынша инвесторларды тарту ісі жүргізіліп келеді. Нәтижесінде 9221,0 млн. теңгені құрайтын 5 жоба жоспарланып, 3734,0 млн. теңгеге 2 жоба іске қосылды.

Соның бірі –  Қызыләуіт ауылдық округі аумағында орналасқан 465 мВт құрайтын жел электр энергиясын өндіру мақсатындағы «Wind Power city» ЖШС. Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің тізіліміне енгізілген жоба құрылысы 2020 жылы аяқталған. Бүгінде 11 адамды жұмыспен қамтып отырған нысан осы жылы 220,1 млн. теңгені құрайтын 9,7 мың квт  қуат өндірді. Сонымен қатар, өнім қуаты осымен тең «Wind Electricity» ЖШС де ағымдағы жылы 218,5 млн. теңгеге 9,6 мың квт энергия өндірген.

Осылайша қаржы көздерін тарту арқылы озық технологиялардың көмегімен баламалы энергияны пайдалану жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Экономикалық тұрғыда үнемді, экологиялық жағынан таза өнімді қолдану аясы бұдан әрі кеңейе түспек. Осы мақсатта жобалар қолға алынып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жайында Талас ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров: – Әрқайсысы 1829,1 млн. теңгені құрайтын «Шеңгелді», «Новатэкс», «Шеңгелді-2» ЖШС-нің құрылыстары өткен жылы басталды. Серіктестіктерде 4,5 мВт болатын 3 қондырғыдан орнатылмақ. Нысандар іске қосылғанда 36 адам жұмыспен қамтылады,-дейді.

Баламалы қуат көздеріне байланысты бағыт айқын. Бастысы, жүктелген міндетті іске асыра отырып, жұмыс өнімділігін арттыру. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, жұмыссыздықты азайтуға сеп болмақ. Мемлекеттің баламалы энергия көздерін дамытуға басымдық берудегі мақсат та осы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.