Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев мәдениет саласы қызметкерлерінің мардымсыз жалақысы туралы мәселе көтерді.
«Маған жеткен мың мысалдың біреуін тілге тиек етейін, мәдениет үйінде 20 жыл еңбек еткен адамның 200 мың теңге көлемінде айлық алғанда ашынғаннан ащы даусы шыққаны заңдылық емес пе?! Сыйақы мен үстемақы атаулыдан қағылып қалады көбісі. Мұндай мысал мың.
Ауыл мен ауданға консерватория мен өнер академиясын тәмамдағандар неге бармайды деген жауыр болған сұрақтың жауабы осы деп білемін. Себебі жастар алдыңғы буын өнерпаздардың «шықпа жаным, шықпа» деген күйін көріп шалғайға шақырса да бармайды. Оларды жазғыруға болмайды, себебі әлеуметтік пакет жоқ. Қазір кей ауылдағы мәдениет үйлерінде өзі ұйымдастырушы, өзі режиссер, өзі сценарист, өзі жүргізуші, өзі көркемдік жетекші болып жүрген жандар да бар екен. Өкінішті-ақ. Табысқа тәуелді тағы бір түйткіл, ауылдық мәдениет үйлеріндегі директорларға жұмыс өтілі де, санаты да саналмайды. Салдарынан олар қатардағы қызметкерлерден аз айлық алады. Жұмыс күні елмен бірге еңбек ететін мәдениет саласының қызметкерлері мереке күндері демалған халықтың көңілін көтеру үшін тағы қызмет етеді, өнер көрсетеді. Одан қашпайды да шығармашылық тұлғалар, тек тынымсыз еңбекке төленетін ақы да ақылға қонымды болса» дейді Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы.
Ал қаладағы мәдениет үйі қызметкерлерінің жалақысы тіптен титімдей. Себебі оларға ауылға қосылатын 25% үстеме қосылмайды екен.
Осыған байланысты халық қалаулысы мәдениет саласы қызметкерлерінің қоғам дамуындағы айрықша еңбегін ескеріп олардың табысын тұрақты түрде арттыру тетігін қарастыруды ұсынды.
Фото: Massaget


