«Бұл – жақсы көрсеткіш. Дегенмен, жалпы алғанда, мәселе әлі де өзекті күйінде қалып отыр десек, артық болмайды. Ауыл шаруашылығы жалпы су көлемінің шамамен 60 пайызын тұтынады. Ал, тасымалдау кезіндегі шығындар 40 пайызға дейін жетіп отыр. Мұндай жағдай су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу қажет екенін көрсетеді» дейді бұл жөнінде Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Парламенттік тыңдауда.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда аграрлық салада белгілі бір деңгейде цифрлық база қалыптасты. Мал шаруашылығында 38 миллионнан астам мал басы цифрлық есепке алынды, субсидиялау жүйесі электронды форматқа көшірілді, өнімді қадағалау және жер ресурстарын басқару жүйелері енгізілуде.
Әйтсе де агроөнеркәсіптік кешенге 1 триллион теңгеден астам субсидия бағытталғанына қарамастан, саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 4,3 пайыздан 3,7 пайызға дейін төмендеген.
«Су шаруашылығында да ұлттық ақпараттық жүйе құрылып, 20 мыңнан астам су объектісі цифрландырылды. Бірақ, соған қарамастан, саладағы негізгі мәселелер толық шешілді деп айту қиын. Сондықтан біз негізгі мәселені ашық айтуымыз керек: цифрландыру бар, бірақ нәтиже жеткіліксіз» дейді сенатор Жанболат Жөргенбаев.
Фото: Temirnews.kz



