Бас прокуратура 1 мамырда 6 қалада митинг өткізуге келісім берілді деген ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Әлеуметтік желілерде жекелеген тұлғалар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау және Жаңаөзен қалаларының әкімдіктері 1 мамырда Украинадағы әскери іс-қимылдарға қатысты митингілер өткізуге келісім берген деп жалған хабарламалар таратуда.Аталған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», — делінген хабарламада.
Бұл күні әкімдіктер елді мекендердің орталық алаңдарында «Қазақстан халқының бірлігі күнін» мерекелеуге арналған мәдени-бұқаралық іс-шараларды ғана өткізуді жоспарлап отыр.
Бас прокуратура митингілерді ұйымдастыру және өткізу тәртібі 2020 жылғы 25 мамырда қабылданған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңмен реттелетініне назар аударды.
Жиналыстарды, митингілер мен пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі көзделген.
«Алайда ұйымдастырушылар жергілікті атқарушы органдарға жоғарыда аталған қалаларда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу туралы тиісті хабарламалар бермеген не олар бойынша келісуден бас тартылған», — деп хабарлады қадағалаушы орган.